Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгін «Руханият» орталығында бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен Жосалы кентінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз брифингі өтті.

Брифингте Жосалы кентінің әкімі Алмасхан Досмұратов елді мекеннің дамуы және алдағы міндеттер туралы баяндады. 2026 жылы жеті айға жоспарланған бюджет толық игеріліп отыр. Сондай-ақ жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 36 жоба қаржыландырылды.

Жосалы кентінде 128 көшенің бүгінде 99-ы асфальтталған. Қазір Келмембет батыр және Н.Нақыпов көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 38 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Т.Рысқұлов, Балқы базар және Ораз ахун көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жалғасса, Е.Қойшыбаев көшесінде балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілуде.

Алмасхан Әріпханұлы бұдан бөлек жарықтандыру, абаттандыру, аяқ су жүйесінің жұмысы, санитарлық тазалық, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және аудан әкімдігінің ресми парақшасында өткен тікелей эфир барысында тұрғындардан келіп түскен сауалдарға да тиісті түсіндірмелер берілді.

Тағы да оқыңыз: