Kyzylorda-news.kz. Ел аумағының 39 проценті оба ауруынан қолайсыз болып есептеледі екен. Оның ішінде біздің аймақ Орталық Азияның табиғи шөлейтті оба ошағының белсенді бөлігінде орналасқан. Сондықтан қауіпті індетке қарсы күрес бір сәт те болсын бақылаусыз қалған емес. Мамандардың қазіргі атқарып жатқан жұмысын білмекке Қармақшы аудандағы обаға қарсы күрес бөлімшесіне аяңдадық. Бүгінде Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» филиалы Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесіне Ердос Зерханұлы басшылық етеді.
«1945 жылы Аралдың алыс қойнауында қоныс тепкен Ауан, Ақбасты елді мекендерінде жұртты дүр сілкіндіріп, дүрбелеңге түсірген оба ауруы әр үйге ажал әкелген жағдай болды. Дертті ауыздықтау үшін Одақтық денсаулық сақтау саласының мамандары Ауанға жұмылдырылды. “Құс қанаты талатын қияндағы ауылға Мәскеуден ұшқан ұшақтардан көз сүрінуші еді” дейді сол бір дүрбелеңді өз көзімен көргендер. Содан бері Арал аумағы аса қауіпті аймақтар қатарына жатқызылып, қатерлі дерттің алдын алатын Аралдағы арнаулы станса 1945 жылы өмірге келді. Оба қатері үнемі қозғалыста болатындығын 1947-1948 жылдары Ордазы бекетіндегі қайғылы жәйт өткірлей түседі. Осы бекеттегі ауырған 8 адамның 6-уының ажал құшуы оба дертінің оқыстан төнетін тажал екенін анықтай түсті. Аса қауіпті індеттің халық арасында таралып кетпеуі үшін Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының бастығы Н.Жучаевтің бұйрығымен тез арада Жосалы табанында оба ауруын зерттейтін алғашқы пункт ашылды. Сол жылдары мекемеде санаулы ғана адамдар жұмыс істеген. 1949 жылдан бастап Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі болып іргесі кеңейген үлкен мекемеге айналды», – дейді бөлімше басшысы.
Сол уақытта бөлімшенің зерттеу аймағы 3 млн гектар жерді қамтыған. Тұрғылықты халықтан далалық кеміргіштер мен сыртмасылдарды жою жұмыстарына 80-100 адамдай тартылған. Жұмысшылар негізінен соғыс кезінде жер аударылған халықтан құрылған екен. 1947-1948 жылдары тіркелген жергілікті халықтың арасындағы оба ауруы бөлімше мамандарының күшімен тоқтатылып, жойылыпты. Бөлімшені 1947-1953 жылдары Д.Миклашевский басқарған мекемеде 32 адам қызмет еткен. Бұл жылдарда бөлімшенің зерттеу аумағы 6 млн га жерді құрап, бөлімшеде Қарақұм (1964), Қарақ (1953) және Қызылорда эпиджасақтары обаның алдын алуда жұмыс жүргізген. Мамандардың жетіспеуінен эпидмаусым кезінде Алматы, Мәскеу, Ленинград, Новороссийск және Молдавия, Грузия республикаларындағы обаға қарсы ғылыми зерттеу институттарының медицина ғылымдарының докторлары С.Варшавский, Н.Гуляевская, И.Стогов, Б.Айткалиев пен Т.Мека-Меченко жұмыс атқарған.
Бөлімшенің материалдық-техникалық базасының жаңаруы, бөлімше жұмысының саны емес сапасының артуы 1976 жылы Е.Картушинның келуімен бастау алған. 1976-1983 жылдары көне ғимараттардың орнына бой көтерген жаңа зертхана, кеңсе, гараж және Қарақұм эпидқұрылымының базасы іске қосылды. 1973 жылдан бастап бөлімшенің Қарақұм (Богдок) эпидтобы лабораториясында экспериментальды-зерттеу жұмыстарын бастауға орталықтан рұқсат алынады. 1976 жылдан бері оба індеті табиғи ошақтарының жеке төл құжаты дайындалған. Орталық Азия табиғи ошағы дербес ошақтарға жіктеліп, олардың шекаралары нақтыланады. Әрбір ошақ сызбалы картаға түсіріліп тік бұрыштар, алғашқы аудан және жеке секторларға бөлініп, тексеру нүктелеріне шифрлар қойылады. Дербес ошақтар өздерінің географиялық орналасуына сәйкес атауларға ие болады. Бұл дербес ошақтарда оба қоздырғышының негізгі сақтаушысы үлкен құмтышқан, таратушысы Ксенопсилла туысты бүргесі екені ғылыми тұрғыда нақтыланды. Сондай-ақ оба індетін таратуға қатысы бар екінші дәрежедегі қосымша және кездейсоқ кеміргіштер саны 15-тен 22-ге, бүргелер саны 9-дан 24-ке көбейгені жөнінде тізім жасалады. Обанаң автономды дербес ошақ-тарының шекараларының анықталуы тұрғындар арасында жоспарлы әрі жүйелі түрде санитарлық-ағарту және обаға қарсы алдын алу іс-шараларын жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік берді.
76 жыл уақыт ішінде мекемеде 90-ға жуық дәрігер мен зоолог жауапкершілігі мол, аса қауіпті де қатерлі індетті ауыздықтау жолында аянбай еңбек еткен.Қазір мекемеде 60 адам қызмет етеді. Бүгінде зерттеу жұмыстары бөлімшеде орналасқан орталық зертхана, Қарақұм эпидқұрылымы және Т.Көмекбаевта орна¬ласқан Түпбөгет эпидқұрылымы күшімен жүргізіліп келеді. Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі өзіне бекітілген 72 000 шақырым жерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның 60 000 шақырым жері обадан энзоотиялы болып есепке алынған. Бұл жерлер – Арал маңы Қарақұм, Қызылқұм, Арысқұм Дариялық тақыр дербес ошақтары. Бөлімшенің бекітілген зерттеу жер аймағының барлығында оба эпизоотиясы кезең-кезеңмен тіркеліп тұрады, әсіресе Шығыс Қарақұм ЛЭА орналасқан көптеген мұнай игеру орындары аумағының эпид потенциалының жоғары екені эпид бақылауды күшейтуді талап етеді. Мекеме Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №8 2020 жылғы қаулысына сәйкес бекітілген жер көлемінің 60 процентін зерттеп келеді.
Бөлімшеде 2009 жылдан бастап далалық жадығаттарды иммуноферметтік сараптамаға, полимеразды тізбектік реакцияға зерттеуге сынамалар жинау жолға қойылып, зерттеу қорытындылары эпизоотологиялық тексерулер жоспарлау барысында пайдаланылуда. Иммуноферменттік сараптама қортындысымен өзіне бекітілген аумақта анықталған кене түрінің арасында Конго Қырым гемморагиялық қызбасы вирусының айналымы анықталды. Сонымен қатар сарып, туляремия пастереллез, листериоз және басқа да зоонозды ауруларға зерттеулер жүргізілуде.
Бір қызығы, бөлімшеде музей орналасқан. Осы жерге жауапты Дәрігүл Иманшаева мұражайдағы түрлі қатырылып сақталған жан-жануарларды көрсетіп, тарихына көз жүгіртті. Мұнда бөлімше ашылған жылдан бастап түрлі құс, жануардың қалпы сол күйі сақталған.Бөлімше құрылғанынан мекемеде виварий жұмыс істеп келеді. Жыл бойына 500-1000 данаға дейін ақ тышқан өсіріліп, жұмысқа беріледі. Осы жерде санитар болып қызмет атқаратын Гүлжан Жұмағалиеваны әңгімеге тартқанымызда жұмысы нәзіктікті талап ететінін айтты. Өйткені әрбір тышқанға күтім керек. Егер тамақ жетіспесе өз-өздерін жейді екен. Сол үшін уақытылы тамағы, витаминдері беріліп отырады.
Табиғи оба ошақтарындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың эпизоотологиялық ахуалын зерттеу кезінде ГАЖ (Географиялық ақпарат жүйесі) технологиясы бөлімше мамандары арасында кеңінен қолданысқа енгізілді. 2010 жылдан бастап станция басшысы тарапынан бөлімшеге көмек көрсетіліп, мекеме автопаркі жаңарған. Қолданысқа жаңа заманауи медициналық құрал жабдықтар берілген. Қарақұм эпидқұрылымы базасында, орталық зертхана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мекеме жаңа буын мамандармен толығып, мамандардың соңғы жылдары айналысқан ғылыми жұмыстары 16 рет ғылыми кітаптарда жарық көріпті.
«Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» филиалы Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің эпизоотологиялық бақылау жасау аумағының құрамына Қызылорда облысының 2 ауданы (Қармақшы, Жалағаш) және Ұлытау облысының Ұлытау ауданының оңтүстік бөліктері кіреді. Бақылау жасау аумағының көлемі 72800 шаршы шақырым (әрі қарай – ш.ш.), оның 60000 ш.ш. (82,4%) обаның энзоотиялық аймағын құрайды. Эпизоотологиялық зерттеу аумағында орналасқан халықтың оба және басқа да аса қауіпті, карантинді жұқпалардан санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің 1 тұрақты зертханасымен және 2 эпиджасақ күшімен эпидемиологиялық бақылау және алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Жыл сайын кеміргіштер арасында әр түрлі деңгейде оба ауруының эпизоотиясы тіркелуде. 2022 жылы бөлімше бойынша 36000 ш/ш жер зерттеумен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 100 пайызын құрайды. Зерттеу нәтижесінде оба эпизоотиясы анықталған жоқ.
Оба эпизоотиясы тіркелген жағдайда аймақтарда тиісті эпизоотиялық және эпидемиологиялық шаралар уақытылы және өз деңгейінде атқарылады.Оба эпизоотиясының алдын алу мақсатында 5 қорғаныс белдіктерін құрып, жалпы көлемі 100,0 ш.ш. далалық дезинсекция жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар елді мекендердегі орналасқан халықтың денсаулығын сақтау, ауруды алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар мен бөлімшенің зерттеу аумағында орналасқан елді-мекендерінде 110,0 мың ш.м. кеміргіштермен қоныстануына, 70,0 мың ш.м. бүргелермен зақымдануына тексеру жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 110,0 мың ш.м. елді мекендік дератизация және 100,0 мың ш.м. дезинсекция жұмыстары жүргізілді. 2022 жылға филиал бақылауындағы тұрақты қауіпті топтарға жататын 2097 адам обаға қарсы егілуге жоспарланып, 2065 адамы егілген (98,4%).
Бөлімше зертханаларына жеткізілген материалдар обамен қатар басқа да зооноздық індеттерге (листериоз, пастереллез, псевдотуберкулез, ішек, кристенсени иерсинозы) тексеру мақсатында кеміргіштерді бактериологиялық және серологиялық әдістермен зерттелді. Аудан аумағын кесiп өтетiн темiр жол, автокөлiк магистральдары Жосалы кентін, аудан орталықтарын басқа облыстармен, әсiресе тырысқақтан қолайсыз Оңтүстік Қазақстан облысымен, Өзбекстан Республикасымен байланыстырады. Көптеген облыстармен, алыс-жақын шет елдермен нарықтық, туристiк, сауда-саттық байланыстары нығая түсiп, облыс бойынша көшiп-қону үрдістерiн жандандырып, тырысқақтың облысқа әкелiну қаупiн тудыруда. Сол себептен Қызылорда облысы тырысқақтың эпидемиологиялық қауіптілігін құрайтын кешенді факторлар бойынша I - типті аумақтарға жатады.Есеп беру мезгілінде тырысқақтың алдын-алу мақсатында 193 жедел ішек ауруларымен науқастанған адам тексеріліп, нәтижесі тырысқаққа теріс болды.
Қоршаған орта нысандарынан (ашық су көздері, жағажайлар, арналар, арықтар) 83 су сынамасы тексеріліп, нәтижесінде 9 су сынамаларынан серотобы О1 емес, яғни эпидемиологиялық маңызы жоқ тырысқақ вибрионы бөлінді. Көп жылдар бойы облысымыз Қырым-Конго геморрагиялық қызбасынан қолайсыз болып келеді. КҚГҚ (Конго – Қырым Геморрағиялық Қызбасы) індетімен күресу шараларының бекітілген бөлімше жоспарына сәйкес бөлімшенің зерттеу аумағында орналасқан елді мекендерінен және төңіректерінде кене жинау жұмыстары жүргізілді.
Жыл басынан бері жалпы зерттелген кенелер саны 4125 дана, 368 сынамасымен ИФА әдісімен зерттеліп, нәтижесінде елді мекендерден және төңіректерінен жиналған кенелердің 25 сынамасынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының антигені анықталды. Жалпы зақымдану пайызы – 6,7 %. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қоздырғышының сақтаушысы және таратушысы болып келетін кенелердің барлығы 16 түрін анықтап, олардың өсіп-жетілу сатылары, фенологиясы, кенелердің түрлеріне карай табиғатқа шығу мерзімдері анықталды.Бөлімше мамандарымен жұмыс тәжірибесінің нәтижелерін қорытындылау, эпидемиологиялық бақылауды жақсарту мақсатында ғылыми-зерттеу басылымдарында 2 мақала жарияланды.
Бірлескен бұйрыққа сәйкес өткен жылы аса қауіпті жұқпалы инфекцияға сезікті науқас анықталған жағдайда атқарылатын іс-шараларға қатысы бар мекемелердің қызметкерлерімен шартты науқас (оба ауруына күдікті) анықталғандығы бойынша жаттықтыру сабақтары ұйымдастырылды. Жаттығу сабақтарын өткізу барысында анықталған кемшіліктер талқыланып, тәжірибелік кеңес берілді.Аса қауіпті маймыл шешегі ауруының алдын алу мақсатында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарымен бірлесіп жергілікті медицина қызметкерлері арасында «Аса қауіпті маймыл шешегі ауруының эпидемиологиясы, клиникасы, дифференциалдық және зертханалық диагностикалары, атқарылатын профилактикалық-эпидемияға қарсы шаралары» тақырыбында семинарлар өткізілді. Эпидмаусым алдында карантиндік жұқпалардың клиникасы, диагностикасы, эпидемиологиясы туралы нұсқаулықтар, семинарлық сабақтар ұйымдастырылады.Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу барысында 22 семинар өткiзiлген, онда 55 дәрiгер, 258 орта буын маманы даярланған. 33 жаттығу сабақтары ұйымдастырылып, 59 дәрігер, 273 орта буын мамандары қамтылған. Халық арасында 35 дәрiс оқылып, 1100 әңгiме өткiзiлген, 800 парақшалар үлестірілген. Санитарлық-ағарту жұмыстарымен 7000 адам қамтылды. Есеп беру кезеңінде 32 емдеу профилактикалық ұйымдарының бастапқы эпидемияға қарсы және профилактикалық іс шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз ету бойынша кеңестік-әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетілді.Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі обаға және басқа карантинді, аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіп, аудан бойынша эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысуда.
Қазір мекеме қызметкерлері көктемгі іс-сапармен дала төсінде жүр. 60 күнге созылатын бұл науқан күзде де 50 күндікпен жалғасады. Мамандардың айтуынша, көктем мезгілінен бастап маусым айының 10-15-іне дейін кеміргіштер көбейеді екен. Осы аралықта обаға қарсы күрес бөлімшесінің жұмысы да қыза түседі.Мекеме қызметкерлері аймақта аса қауіпті жұқпалы індеттің халық арасына таралмауын қатаң бақылауда. Сонымен қатар бөлімше ауданның барлық іс-шараларына қатысып, әртүрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алып келеді. Иә, көбі біле бермейтін бөлімшенің атқарар қызметі осындай.