Kyzylorda-news.kz Жосалы кенті орталығынан (бұрынғы Теміржол көшесі) саяси қуғын-сүргін құрбаны Тебеген Қожаназаровқы көше атауын беруге байланысты салтанаты іс-шара өтті. Оған ардагерлер, кент тұрғындары, қонақтар, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерінің туыстары мен ұрпақтары қатысты.

Ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов сөз алып, іс-шараның мақсатына тоқталды.   

– Бар саналы ғұмырын халқына арнап, артында өшпестей із қалдырған, үлкен құрметпен еске алуға лайықты азаматымыз Тебеген ағамызға көше атауының берілуі – аға ұрпаққа деген құрметтің жарқын көрінісі.

Ол 1894 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1910-1916 жылдары жергілікті әкімшілік, мәдени-ағарту мекемелерінде аудармашылық, іс басқарушы-хатшылық қызметтерін атқарған. Одан соң аудандағы қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға белсене араласса, 1924-1934 жылдары  аудандық революциялық комитетінің мүшесі және Қуаңдария атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болды. Мұнан кейін Қуаңдария болыстық атқару комитетіне қарасты №6 ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеді. Осы аталған қызметтері кезінде аудандағы отырықшылықты дамытуға, егін егу, мал өсіруді нығайтуға, ұжымдық еңбек етудегі жаңа дәстүрдің қалыптасуын ұйымдастыруға елеулі ықпалын жасаған. Басқару – ұйымдастыру жұмыстарының аясында Омар Шораяқұлы, Жүзіп Ешниязұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Молдахмет Дабылұлы және басқа да қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жырауларымен тығыз қарым-қатынаста болған. 1931-1932 жылдардағы ауданды жайлаған аштық апатынан халықты құтқару, аман сақтау іс-шараларына да атсалысқан. Мал-мүлкінен айырылған халықтың күнкөріс кәсіптерін ұйымдастыруға күш-жігерін жұмсаған. Қиын-қыстау жылдарда халыққа қамқорлық, басшылық еткен оныңқызметіне риза болған ел-жұрты оны Тебеген би деп атап, Ақжардағы ауқымды жерді "Тебеген ой" географиялық-топонимикалық атаумен белгілеген. 

Ардақты азамат 1938 жылы 8 қазанда ауданда әртүрлі әкімшілік, мәдени-ағарту салаларында қызмет етіп жүрген көптеген адал адамдармен бірге жазықсыз қамауға алынды. Келер жылдың 27 шілдесінде Шығыстағы НКВД лагеріне жазаларын өтеуге этаппен Владивосток стансасына жіберілген.  1939 жылдың 31 тамызында Қазақ КСР прокуроры Қазақ КСР Жоғарғы сотына Қызылорда облыстық сотының үкімін бұзып, істі қайта тергеуге жіберуге бақылау ретінде наразылық келтірілген. Осы жылдың 21 қыркүйегінде Жоғарғы сот назарылықты қарап,  ұйғарымымен облсоттың үкімен бұзып, істі қайта тергеуге жолдаған. Қайта тергеу қорытындысы бойынша айыпкерлердің іс-әрекеттерінде қылмыстық сипаты болмағандықтан қылмыстық іс 1940 жылы 18 қарашада өндірістен қысқартылып, тағылған айыптан ақталған. "Жақсының артында өнеге, азаматтық кейпі қалады" демекші, арда азамат қызметін халқына арнады. Оның кескін-келбеті ел жадында, есімі қай кезде де ел есінде болады, – деді ол.  

Рәсімде аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, қайраткердің туыстары атынан Жақсылық Ерханов, Қалдыбек Сүлейменов, Алтынарай Тебегеновалар сөз сөйлеп, тағылымға толы естелік әңгімелер айтты. Сондай-ақ, ардагер-ұстаз Сақтапберген Қосбаев Арнау өлеңін оқыды. 

Жиын соңында жиналған көпшілік Тебеген Қожаназаров атындағы көше бойына қойылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына куәсі болды.   
 

Тағы да оқыңыз: