Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде тазалық жайы жиі көтеріліп жүр. Аудан болып сенбілікке шыққанмен, әр бұрйышта жататын қоқыстың қарасы азаяр емес. Осыған орай талапты күшейткен Жосалы кентінің әкімшілігі қоқыс тастағандарды анықтап, аудандық полиция бөліміне жолдап отыр.

«Қоғамның тазалығы әрбір адамның жеке басының тазалығына мән беруінен басталады. Кез келген тазалық адамның өз бойынан көрініс тапса, өзгеге де, балаларына да сонысымен үлгі бола алады. «Бірінші байлық – денсаулық» деп жатады, ал денсаулықтың кепілі - тазалық.  «Жаман жерді баспа», «Лас су төккен жерді баспа» , «Күлді баспа» деген қазақтың ырымдарының өзі тазалыққа негізделген. Себебі, лас жерді басқан адамның аяғымен үйге жаманшылық келеді, жеке басының жолы болмай, кәсібі кері кетуі мүмкін, немесе ауру жабысады деп ырымдаған. Ырым болғанымен оның түп-тамыры шындыққа негізделген, тәрбиелік мәні бар қағида.  Қазақта «Жұғын бар жерде – шыбын бар, шыбын бар жерде – шығын бар», «Тазалық бар жерде береке бар» деп, қоқыс болған жерде шыбын болатынын, шыбын болған жерде түрлі ауру болатынын, ал тазалық бар жерге ырыс пен береке, бақ пен дәулеттің қонатынын астарлап ескертсе керек. Бірақ, бүгінде осы ырымдар мен мағыналы сөздердің мәні қалмаған тәрізді. Себебі, кейбір тұрғындарымыздың қазіргі іс-әрекеттері осыны дәлелдеп отыр. Көшелерге үйінен шыққан тамақтың қалдығы мен баланың жөргегін араластырып қапқа салып, толтырып қояды. Оны қаңғыбас ит пен мысық айналдыра шашып, керегін жеп кетеді. Болмаса үйінен шығады да кірдің суын жаяу жүргінші жолына немесе аяқ су арығының ішіне төге салады. Сол көшенің бойымен күнде өздері, болмаса балалары жүреді. Бірақ, ластанған көшені басып үйіне жағымсыз энергия әкелетінін, ырзық-несібесінен қағылатынын, бойына ауру жұқтыратынына аса мән бермесе керек. Ал, көктем мезгілі түрлі ауру қоздырғыштардың пайда болатын уақыты. Барлық адам дені сау болып, ұзақ өмір сүріп, ұрпағының қызығын көргісі келеді. Әсіресе адам өміріне қоршаған орта тазалығының әсері мол. Сондықтан, тазалық жоқ жерде ауа ластанып, бірінші денсаулығы сыр беріп, өмір сүру ұзақтығы қысқаратынын саналы адам ұғынуы тиіс» дейді Жосалы кенті әкімшілігінің мамандары.

Жосалы кентінің әкімшілігі осындай үйінен шыққан қоқысын қапқа салып, көшеге тастаған бірнеше құқық бұзушылықты анықтап, заңға сәйкес айыппұл салуға аудандық полиция бөліміне жолдап жатыр. Дегенмен, әлі де тыйылмай тұр дейді мамандар. 10 сәуір күні дәл осы құқық бұзушылықпен тағы да екі азаматқа айыппұл салынған. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасын таба бермек.
 

Тағы да оқыңыз: