Kyzylorda-news.kz  Жыл өткен сайын Жосалы кентінде инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Жол, жарық, ауыз су мәселесі әр жыл сайын кезең-кезеңімен орындалуда.

Бүгінде кент ішінде тозығы жеткен кей көшелердің келбеті жақсы. Аудан әкімінің Жандос Еркінбекұлының қолдауымен тұрғындардың көкейінде жүрген жол мәселесінің түйіні шешіліп келеді. Бір кездері көшеміз нашар, жауын жауса лай батпаққа айналады дегендердің қазір алғысын алып жүр.

Қазір Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 122 көше бар. Оның ішінде: 90 көше асфальтталған, 21 көшеге  қиыршық тас төселген, 11 көше топырақты көше. 2023 жылы республикалық «2023 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен барлығы 21 көше асфальтталды. Оның ішінде ЖСҚ бойынша 15 көше бар. Атап айтар болсақ, Ыбырай Алтынсарин, Мәншүк Маметова, Достық, Ә.Жангелдин, Ә.Бәйтереков, Жамбыл, Ж.Тырнақбаев, Қаныш Сәтпаев, Батыс, Батыс тұйығы, Сәрке батыр, Тұрмағамбет Ізтілеуов, К.Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Ж.Есетұлы көшелері асфальтталды. Жобадан тыс мердігерлермен жасалған келісіммен қосымша 6 көше жөнделді. Жекелей тоқталар болсақ, Мүсірбаев тұйығы, Шумилов көшесінің бір бөлігі, Алтынсарин тұйығы, Қойшыбаев, Энгельс,Ғарыш, көшелері асфальттанды. Нәтижесінде 2023 жылы асфальтты көшенің көрсеткіші 74 пайызға артып, қиыршық тасты көше 17 пайызға, топырақты көшелер 9 пайызға төмендеген.

Жаңартылған жолдың жайына қуанған көше тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Аудан әкімдігіне алғаусыз алғыстарын жарыса жеткізуде.

– Бұрын кентте өзгенің көшесі жөнеуден өтсе қызыға қарайтынбыз. Біздің де көшеміз қашан оңалар екен деген тілегіміз әлі күнге дейін көкейімізде тұрды. Себебі қыста қар мен жаздың жаңбырына жолымыз суға малынып, ұзаққа дейін батпақ болатын. Қазір шүкір ол күндер артты қалды. Көшемізге тас төселгеннен малақайымызды аспанға атып қуандық, – дейді Сәрке батыр көшесінің тұрғыны Қайрат Әлібаев.

Кенттің арғы бетінде шешімін тапқан тағы бір үлкен мәселе түнгі қауіпсіздік. Осы тұрғыда Ысқақов, Қайырбекұлы, Наметша, Мұстафа Шоқай, Томанов, Мүсірбаев, Жаназаров көшелеріне түнгі жарық қойылды. Қазіргі таңда кенттің келбетіне сән беріп, ажарын айшықтап тұр. Ең маңыздысы көше тұрғындары «жолымыз түнде жарық, балаларымыз мектептен қорықпай қайта алады» деп көңілдегі уайымның сейілгенін айтуда. Тұрғындардың бұлай деуінің өзіндік себебі де бар. Қазір жастар арасында топтық төбелестің қараңғы көшелерде орын алуы жиілеп кеткен. Осыдан кейін ата-ананың балаға деген алаңы басым. Енді бұл мәселенің де шешімі кезеңімен орындалып отыр.

– Көптен күткен түнгі жарық мәселесі көшемізде шешімін тапты. Оған көршілер болып қуанып жатырмыз. Көшемізде үлкен кісілер көп тұрады. Кешқұрым бір-біріміздің хал-жағдайымызды сұрап барғанда қараңғылық жолымызға кедергі келтіреді. Одан бөлек дүкенге де шығып тұрамыз. Қысты күні кеш ерте түседі. Балаларымыз сабақтан қайтады. Сол кезде қараңғыға қалып қойса уайымдап отырамыз. Осындай кезде жарықтың көмегі қатты қажет. Тұрғындардың қамын ойлап, үлкен іс жасап отырған аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз, – дейді кент тұрғыны Күләш Бисембаева.

Ел игілігі үшін жасалып жатқан ілкімді істердің қатары мұнымен бітпек емес. Жосалы кенті әкімінің орынбасары Бақытбек Жылтыров аудан экономикасын дамытуда жыл аяғына дейін қолға алған жоспарлар әлі де жалғасын табатынын сөз етті.

–Жосалы кентінде біраз ауқымды істердің басы қайырылды. Әрбір жоба жоспарға сай кезегімен орындалуда. Мәселен, осы жылы кенттің арғы бетіне көп басымдық бердік. Тұрғындардың өтініштерін де назардан тыс қалдырмадық. Жарығы жоқ көшелерге жарық орнатылыпп, жолдары асфальтталды. Атап айтсам, Томанов, Мүсірбаев, Мұстафа Шоқай көшелері бойынша 88 бағана ауыстырылып, жаңасы орнатылды. Басына 150 Вт жарық шамы қойылды. Ол бұрынғысына қарағанда екі есе жақсы жарық береді. Ал бергі беттегі Ораз ахун, Тырнақбаев, Құдабаев, Рүстембеков, Жанәділов көшелеріне де жарық шам бағаналары қойылды. Одан бөлек кентіміздегі Шығыс каналының бойына Томанов көшесінен Мүсірбаевқа дейінгі аралыққа жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Каналдың жағасы қоршалып, тұрғындардың демалуына орынтақтар мен қоқыс жәшігі қойылады. Егер тағы қаражат қаралып жатса, ойын алаңын салу жоспарда бар. Бұл жұмыстардың барлығы жыл аяғына дейін бітетін болады, – дейді ол.

Жалпы өткен жылы Жосалы кентіне бөлінген бюджет –1 002 602,3 мың теңгені құрайды. Аталған қаражаттың 977 780,7  мың теңгесі игеріліп, 97,5 пайызға орындалған. Оның ішінде Ұлттық қордан – 156 414,0 мың теңге, облыстық бюджеттен – 339 229,0 мың теңге, аудандық бюджеттен – 414 437,0 мың теңге, 4-ші деңгейлі бюджет жыл басында 92 млн теңге болып бекітілген болатын. Салық түсімдерін ұлғайту барысында 103 млн 663 мың теңгеге дейін көтеріп, 12 айда 104 пайызға орындалып отыр.

Кентте кәсіпкерлік сала да дамып келеді. Жаңа нысандар бой көтеріп, халық игіліне қызмет көрсетуде. Жосалы кентінде 1892 жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның ішінде, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны – 1753-ті құрайды. Бұл барлық тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 93 пайызын құрап отыр. 2023 жылы қаржы ұйымдары тарапынан 75 жобаға 681 млн 19 мың теңге несие беріліп, 77 жобаға  106 млн 260 мың  теңгенің қайтарымсыз гранты берілді. Сонымен қатар өткен жылдың 12 айында кентте 10 өндірістік цех ашылды. Қазіргі таңда кент бойынша жалпы 39 өндірістік цех жұмыс жасап тұр.

Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 122 көшенің қазір 90 көшесінде түнгі жарық бар. Бұл жалпы көшенің 74 пайызын құрап отыр. Өткен жылы 28 көше жарықтандырылды. Оның ішінде Ж.Тырнақбаев, С.Ысқақов, К.Рүстембеков, Ораз Ахун, Қ.Наметша, Ғ.Мұратбаев, М.Құдабаев, Б.Қайырбекұлы, Ә.Жаназаров, Ә.Жанәділов, Б.Момышұлы, Айсауытов, М.Әуезов,  Ж.Есетұлы, Н.Байзақтегі, Ш.Шегебаев көшелері жаңадан жарықтандырылды. Ал І.Мүсірбаев, Ү.Томанов, М.Шоқай көшелерінің  жарық шам бағаналары заманауи бағаналарға ауыстырылды. Сондай-ақ С.Жаңабаев, Қ.Тоқтаров, Ж.Қаратаев, Ақмешіт,  К.Тәуекелов, Ж.Шүленов, Береке көшелері мен М.Құдабаевтың тұйық бөлігіне, І.Мүсірбаев тұйығының жарық шамдары демеушілер есебінен орнатылды.

Кенттің абаттандыру жұмысына келсек, былтырғы жылы Шығыс каналының жағасы абаттандырылды. Оған аудандық бюджеттен 48021,1 мың теңге қаралып, мердігер мекеме «Фараб құрылыс» ЖШС жұмысты толықтай аяқтады. Мұнан өзге Көшербаев көшесінің Қорқыт  ата мен Көмекбаев көшелерінің аралығы менТәуекелов көшесінің бойы абаттандырылды. Сонымен қатар, Сырдария өзені көпірінің батыс аумағы бойынан жылжымалы жағажай орыны дайындалды. Қажетті құрал-жабдықтары сатып алынды, суға шомылу мерзімінде қойылып,  аяқталғанда жиналып алынатын болады. Мұнан бөлек кенттегі орталық алаң жаны абаттандырылып, көркейтілді.

Тағы да оқыңыз: