Kyzylorda-news.kz. Жосалы кентін көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалығын жақсарту бағытында қабылданған бірқатар жоспарлар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда, Жосалы кентінің аумағы 6780 гектарды құрайды. Кентте 21350 халық тұрады. 4449 тұрғын үй, оның ішінде 54-і қөпқабатты тұрғын үй және 137 көше бар. Аудан орталығында 74 мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар орналасқан.
Жосалы кентінде 1765 жеке тұлға кәсіпкер болып тіркелген, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 1593 бірлік екенін, 2022 жылы қаржы ұйымдары тарапынан 241 жобаға 650,4 млн теңгенің несиесі, оның ішінде 193 жобаға қайтарымсыз грант беріліп, 290 адам жұмыспен қамтылған. Инфрақұрылымға байланысты Жосалы кентіндегі 137 көшенің бүгінгі күнге 69-ы асфальтталғанын, 50 көшеге қиыршық тас төселді, және 18-і топырақты көшелер екенін жеткізді.
Өткен жылы аудандық бюджеттен Тайшық би көшесіне қиыршық тас төселіп, асфальтталды. 3100 шаршы метр жаяу жүргінші жолы мен аяқ су арығына 648 метр бетон лоток салынды. Аманкелді көшесіне де дәл осындай жұмыстар жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, оған көшенің көне асфальтын тазалап, екі жағына бордюр қойылды. Жаяу жүргінші жолына құм төселіп, бордюр орнатылды. Аяқ су арығына лоток орнату жұмыстары аяқталды. Аталған жоба биылғы жылы пайдалануға берілетін болады. Ал, Аманкелді көшесінен шыққан көне асфальт Наурыз және Қаракөзеев көшелеріне төселді. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға екі көше, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 12 көшеге қиыршық тас төселді. Осы конкурстардан үнемделген қаржы есебінен қосымша Момышұлы көшесінің аяғы мен Сырлытам, Батыс тұйығы көшелерін жөндеуге мүмкіндік болды. Көлік кептелісін азайту мақсатында өткен жылы Жандос, Рүстем, Аягөз, Сырдария сауда үйлерінің алдына автотұрақ салынған болатын. Биыл да бұл жобаны жалғастырып, Көшербаев көшесінің бойындағы Жастар үйі мен Халық банк мекемесі аралығына 300 шаршы метр жерге автотұрақ салынып, аяқ су арығына бетон лоток орнатылды. Қазіргі таңда Жосалы кентінде түнгі жарық жүргізілген 62 көшеде 1790 жарық шам бар. Биыл көше жарығына техникалық қызмет көрсетуге бөлінген қаржыға 274 түнгі жарық шам ауыстырылды. Сонымен қатар, Шығыс каналы арқылы 53 көше аяқ сумен қамтылды. Шығыс каналының 800 метр қашықтығына темір бетонды лоток орнатылды. Мұратбаев, Рысқұлов каналдарына да электрлі насос пен трансформатор қойылды.
Келесі кезекте аудан орталығын көркейту, әсіресе саябақтарды күтімге алу үшін Астана, Қызылорда қалаларында көгалдандыру саласында тәжірибесі мол жеке кәсіпкер «Garden Қызылорда» мекемесімен келісім шартқа отырдық. Мекеме ыстыққа төзімді келетін 2000 түп тал көшетін отырғызып, күтімге алды. Оның ішінде 100 түп жеміс ағашы бар. Қазір аталған өсімдіктердің шығымы жақсы. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа да саябақтарға қолдану жоспарда бар. Ал енді тазалық жайына тоқталсақ, елді мекеннің көшесін жөндеп, саялы бақтар салып, түнгі жарықпен әсемдегенімізбен оның тазалығы болмаса, жұмысымыз нәтижелі болмасы анық. Осы ретте, тәртіпке бағынбаған 474 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, қараусыз көшеде жүрген үй жануарлары, жаяу жүргінші жолдарын ластап, жол-көлік оқиғасына әсер етіп, адам өміріне қауіп төндіруде. Осы бағытта 208 әкімшілік хаттама толтырылып, 65 азаматқа айыппұл салынды. Жалпы тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін кенттің инфрақұрылымымен қатар абаттандыру – басым бағытымыз. Осы жылы Сексенбаев көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты нақты шаралар қабылдап, Жосалы кентінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Өткен жылы бес жерге шағын балалар ойын алаңын орналастырған болатынбыз. Дәл осындай шағын балалар ойын алаңы Қорқыт стансасына және Жосалы кентінің шет аймақтарының біріне салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Аталған нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Биыл да осы салаға басымдық беріліп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Ы.Қасымов көшесі бойынан балалар ойын алаңы халық игілігіне пайдалануға берілді. Төрт аулалық футбол алаңының жасанды жасыл төсеніштері жаңаланды. Марал ишан мешітінің орнынан демеушілікпен ойын алаңы балаларға тарту етілді. Ел іші болғаннан кейін түрлі мәселенің болуы заңдылық. Жосалы кентінің әкіміне өтініш, талабын, ұсынысын жеткізгісі келген әрбір тұрғынға бекітілген қабылдау кестесінде ғана емес, барлық жұмыс күнінде келуіне ешқандай кедергі жоқ. Себебі, тұрғындар пікірлері мен ұсынысы маңызды. Сол арқылы көптеген мәселе шешімін тауып, жаңа жобалар іске асырылады. Жыл көлемінде тұрғындармен өткен есепті кездесулерде көтерілген мәселелер кент әкімінің жылдық іс-шара жоспарына енгізіліп, бақылауға алынды. Соның ішінде Жосалы кентіне қатысты Мүсірбаев тұйығы көшесін жөндеу, Айсауытов көшесіндегі аяқ су арығына бөгет орнату жөніндегі түскен ұсыныстар орындалды. Жағдайы жоқ 8 отбасыға демеушілік есебінен газ пеші сатып алынды, екі отбасының газ кіргізіп беру өтініші қанағаттандырылды. 30 отбасына ағаш отын берілді.
Көктемгі көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы барысында тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін көшелерді алты аймаққа бөліп, барлық мекемелер мен кәсіпорындарға бекітіліп, қазіргі таңда әр сенбі сайын сенбілік ұйымдастырылып жатыр.
«Қызылорда облысындағы жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2017 жылғы 16 мамырдағы №121 шешіміне сәйкес, мекемелер өздеріне бекітілген көшеде ұсақ және тұрмыстық, ірі көлемдегі қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару, шөптерді шабу және шығару, қоршауларды сырлау, аяқ су арығының ішін тазарту, талдарды балақтау, әктеу, көше бойында жиналған құрылыс заттарын алдырту жұмыстарымен қатар, көшеде орналасқан кәсіпкерлік ғимарат нысандарының және өздерінің теңгеріміндегі мекеме ғимаратының сыртқы келбетін талапқа сай болуын, архитектуралық дизайнға сәйкестендірілуін қадағалау, шарбақтарды сырлау, тал егу, мекеме алдында қоқыс жәшігін орнатып, тұрғындарды тазалық жұмыстарына тарту және Үнпарақтар таратылуда.
Көркейту, көгалдандыру барасында көше бойына жиналған күл-қоқысты белгіленген орынға (полигонға) өздерінің техникаларымен шығару жұмысы қолға алынды. Әсіресе, тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемемен келісім шартқа отырғызу қазіргі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі, тұрғындар тарапынан қоқысты бей-берекет көше бойына қойып кету жиілеп кетті. Аталған құқық бұзушылықтарға қарсы бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр және де құқық бұзушылыққа жол берген тұрғындарға заң аясында шаралар қолданылуда.
Мысалы, 2022 жылы көлемінде көшеге қоқыс тастаған, ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 70 азаматқа айыппұл салынса (1 млн 72 мың теңге), 2023 жыл басынан бастап 56 азаматқа айыппұл (966 000 теңге) салынып отыр. Бір өкініштісі, айыппұл арқалаған адамдардың ішінде бюджеттік мекемеде жұмыс жасайтын азаматтардың, оның ішінде білім саласында қызмет жасайтын, балалар алдында ұлағатты ұстаз болып, білім, тәрбие беріп жүрген азаматтардың үйінен шыққан қоқыстың көшеден табылуы ұят болды. Егер, заң талаптары сәйкес келсе, құқық бұзған азаматтардың аты-жөні, қызмет жасайтын мекемесі әлеуметтік желіге, жергілікті «Қармақшы таңы» газетіне жарияланатын болады.
Сондықтан, абырой мен жалпыға бірдей қабылданған тәртіпті сақтау үшін, мекеме, кәсіпорын басшылары қарамағындағы қызметкерлерге және тұрғындарға міндетті түрде түсіндірме, үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуі тиіс.
Сонымен қатар, Жосалы кентінің әкімшілігі тұрмыстық қалдықтар төгуге арналған қоқыс жәшіктерін (контейнер) бір жыл мерзімге, егер тараптар жағынан қарсылықтар болмаған жағдайда ұзақ мерзімге жалға беру және оған ақы төлеу үшін жекелеген тұрғындармен келісім шарт жасасып отыр. Жалға беру ақысы айына 400 теңге, жылына 4800 теңге. Егер қоқыс жәшігін жалға алуға ниетті тұрғындар болса, Жосалы кентінің әкімшілігіне келіп, жалға алу келісім шартын жасасқан күні контейнерді өз көліктерімен алып кетуіне болады. Көктемгі көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық айылығы барысында Жосалы кенті мекемелерін тексеруге мониторинг топ шығатынын ескертемін. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер аудан әкіміне және Жосалы кентіндегі жұмыс жасайтын облыстық басқармаларға қарасты мекемелердің облыстағы басшыларына тікелей хат жазылып, ақпарат беріліп отыр. Сонымен қатар, биыл облыс көлемінде санитарлық тазалық жұмыстары аясында «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп жатыр. Аталған конкурсқа Жосалы кенті де қатысуда. Осы орайда, кентте орналасқан мекеме ғимараты алдына жерден түрлі-түсті жарық түсіп тұратын жарықтандыру орнатуды қолға алып жатыр. Бұл көп қаржыны талап етпейді. Бірақ, түнгі уақытта кентімізге өзгеше сән беріп, түнгі келбетін аша түседі.
Жалпы қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, туған жерінің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосу әрбір азаматтың міндеті. Ал, сенбіліктікті ұйымдастырудың басты мақсаты – бюджеттік мекеме қызметкерлері бастап елге үлгі болу арқылы халықты ортақ іске жұмылдыру.
