Kyzylorda-news.kz. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын», - деген қазақтың тәмсілі бар. Туған жерін түлетіп, өркендеуіне үлес қосқан атымтай азаматтар қандай да құрметке лайық.
Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қайырымдылық жасау мен оны дамытуға елеулі үлес қосқан жомарт жүректі азаматтарды ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізілетін шараға биыл аймақ атынан бірқатар азаматтар қатысты.
Еліміздің барлық өңірінен үміткерлер қатысқан конкурстың төрт номинациясын Сыр өңірінің азаматтары жеңіп алды.
Атап айтқанда, «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Ер-Әли» ШҚ басшысы Әліби Бекжанов, «Туған өлке» номинациясында Имамзада Шағыртаев, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясымен Несібелі Жүсіпова марапатталды.
Ал «Жыл меценаты» номинациясы иегерлері қатарында мезгілсіз арамыздан өткен Расул Есеновтің де есімі аталды.
Айта кетейік, «Жомарт жүрек» байқауы басталған уақыттан бері төрт номинацияның бір өңірге табысталуы – бұрын-соңды болмаған жағдай. Сондықтан мұны Ұлттық мереке қарсаңында Сыр халқының тарихи жеңісі, Алаш азаматтарының елдік рухының биіктегені десек болады.
Салтанатты шарада министрлік өкілдері мен парламент депутаттары жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыстады.