Kyzylorda-news.kz Дамыған елдерде экономиканың қозғаушы күші бизнес екені белгілі. Шағын және орта бизнес қарыштаса, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің де өркен жаяры анық. Бүгінде ауданда бәсекеге қабілетті кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, машақаты мол, талабы таудай кәсіпкерлік саласында өз кәсібін отыз жылдан  бері дөңгелетіп отырған жанның бірі қармақшылық – Жомарт Жаппасбаев. 

Танымал ұстаздар отбасында дүниеге келген ол мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы энергетикалық институтта «Өнеркәсіп орындары мен қалаларды электрмен жабдықтау» мамандығын меңгереді. Одан соң Отан алдындағы борышын өтеп, әскер сапында болады. Лейтенант шені де бар. Әскерден кейін туған жерге оралып, алғашқы еңбек жолын «Сельхозэнерго» мекемесінде шебер болып бастайды. Кейін осы мекемеде учаске бастығы, бас инженер қызметтерін атқарады. 1986-1994 жылдар аралығында айырбас пунктерінің біріккен кәсіпорны «Қазсельхозтехника» мекемесінде жетекшілік етеді. Осында қызмет ете жүріп ауыл шаруашылығы институтында сырттай білімін жетілдіреді. 

Осы кезеңде елімізде үлкен өзгерістер орын алып, Қазақстан тәуелсіз ел атанады. Жаңа елді құру кезіндегі өзгешеліктер кімге де болса оңай тимеді. Іргелі кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, жұмыссыздық белең алды. Дәл осы сәтте кәсіпке бет бұру, оны дамыту тек батыл жандардың бастамасы болды. Себебі тәуекелшіл жан ғана биік белестерді бағындыра алады. Бүгінде білікті кәсіпкерге айналған жан бұл салаға еліміз егемендік алған уақытта қадам басқан. Бұл – жаһандық дағдарыс жағадан алып, ел экономикасы тоқырауға ұшыраған уақыт еді. Жоқтан бар жасап, кәсіппен айналысуға бел буған Жомарт Қайырбекұлы алғашында ауыл шаруашылығына қажетті техникалық бөлшектерді тасымалдайды. Кейіннен аудан орталығынан халықты арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін бірнеше дүкеннің негізін қалайды. 

– Өзім ауылшаруашылығы саласында қызмет еткен соң қандай техникалық бөлшектің қажет екенін жетік білдім. Кәсіпті осыдан бастаған себебім де сол. Қолда қаражат болмаса да, басқа қаладан тауарды алып келіп, халыққа өткізіп, ақшасын жинап апарып беретінмін. Сол кездегі адамдардың бір-біріне деген сенімі, адамгершілігі жоғары еді. Кәсіпті қолға алғанда табандылық пен жан-жақтылық маңызды. Техникалық бөлшектерден кейін кәсіпті түрлендіру мақсатында халыққа қажетті азық-түлікті арзан бағада ұсыну үшін шағын дүкендер аштым. Ол кезде әрбір тауарды жан-жақтан өзіміз барып алып келетінбіз. Ал қазір бұл жүйе айтарлықтай дамыды. Дайын өнімді дүкенге дейін әкеліп тұрады, тек ақшасын төлесең болды, – дейді кәсіпкер.

Ал дүкендерді уақытылы азық-түлікпен, тұрмысқа қажетті тауармен қамтамасыз ету үшін сақтау қоймалары қажет-ақ. Білікті кәсіпкер мұны да назардан тыс қалдырмай аудан орталығынан екі сақтау қоймасын салады. Біріншісі – көмір түсіретін орын болса, екіншісі – вагонмен келетін ұн-жем қоюға арналған. 

Кәсіп бастаймын деген жанға бүгінде мүмкіндік мол. Мемлекет де қолдау білдіруге дайын. Ал бизнес саласында айтулы қайраткерге айналған Жомарт Қайырбекұлы кәсіп бастаушыға мынадай кеңестер ұсынады. 

– Кәсіп етсең – көкжиегің кеңейеді. Мұнда ең бірінші табандылық керек. Қандай істі бастасаң да, соңына дейін апару маңызды. Міндетті түрде білім керек. Күндіз-түні еңбек етуден жалықпау қажет. Кәсіпкерліктің еңбектен басқа жолы жоқ. Еңбек, ұқыптылық, шыдамдылық. Сонда ғана нәтижеге жетесің. Бизнесті бүгін бастадым, бір жылдан соң байып кетем деген ой қате. Мұнда да жолға қойылған жоспар, сарапталған стратегия қажет, – дейді ол. 

Халықтың қамын ойлаған азамат бүгінде 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Отыз жылға жуық еңбек жолы бір бағытта өрілген кейіпкеріміз халықпен етене араласа жүріп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдан келгенше көмек беруді игі дәстүрге айналдырған. Алайда бұл туралы айтуды жөн көрмеді.

«Ер болсаң еліңе пайдаң тисін» деген ұстанымды басшылыққа алған ердің еңбегі де елеусіз емес. Ол 2008 жылы ауданның «Іскер адамы» атанса, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қызылорда облысының – 70» жылдығы мерекелік медальдарымен, жыл сайын облыс, аудан басшыларының құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапатталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік кәсіпкері» атағын иеленді.

Ауданда абыройлы, отбасында ардақты жан зайыбы Дәмегүлмен 3 перзент тәрбиелеп өсірген. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған олар бүгінде 7 немере сүйіп отыр. Ата атанып, зейнет жасына жетсе де жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Бізбен әңгімесінде «Менің ұстанымым – бақытты өмір сүру, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы болу» деген-ді. Расында да, ырыс-берекетінің еселенуі – елге болсын деген осындай шынайы ниеттің несібесі болса керек. 

Айналып келгенде, игілігін көретін ел ғой. Аудан орталығынан бөлек, ауылдағы ағайынның да сұранысын өтеп отырған кәсіпкердің орны бөлек. Мұндай айтулы ағалар аудан экономикасының бір-бір күретамыры десек те болады. 
 

Тағы да оқыңыз: