Kyzylorda-news.kz Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысы Жомарт шахтасындағы апатқа қатысты соңғы мәліметпен бөлісті.
— Оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты, 402 адам эвакуацияланды. Апат орнында төтенше жағдайлар жедел штабы құрылып, кеше үкіметтік комиссия тергеп-тексеру жұмысын бастады, алдын ала болжам бойынша шахтада табиғи газ жарылған. Комиссия мүшелерімен бірлесіп апат орнын қарап шықтым және қаза тапқан жұмысшылардың отбасы мүшелерімен кездестік, — деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, шахтадағы апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ шахта жұмысы уақытша тоқтатылды.
— Екі арнайы кіші комиссия құрылды, оның бірі аварияның туындау себебін, екіншісі қандай техникалық қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтауы тиіс. Аталған комиссиялар өз жұмыстарын 10 күннің ішінде аяқтауы қажет. Сонымен бірге тиісті сараптамалар жүргізу жоспарлануда (сот медициналық, өрт-жарылыс техникалық). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіліп жатыр, — деді ол.
Тергеу нәтижесі комиссия жұмысы аяқталған соң ұсынылады.
Фото: ekaraganda.kz / Instagram