Kyzylorda-news.kz  Кәсіп ашқан талапты жасты көргенде «бәрекелділейтініміз» рас. Әсілінде екі қолға бір күрек алып, нәпақасын маңдай термен тапқанның наны да тәтті. Қоғамның нені көтермейтінін айта, айта жауыр болдық. Жалқаулықпен дос болып, бос сенделуді серігіне айналдырды талайы. Ондайдан арашалайтын тек сол адамның бойындағы талабы мен жігері ғана.

Кейде ұйықтар алдында түрлі-түрлі идеямызды ойша армандап, қиял әлеміне әкететініміз бар. Бірақ ол сол тұста «мазасыз ойлар» болып қалып қояды. Ал неге қиялыңыздағы сол ойды жүзеге асырмасқа? Әрине, «кәсіп аш» дегенде «тежеліп» қаламыз. Өйткені бастапқыда қорқыныш болады. «Бастай аламын ба? Қалай жүзеге асырамын?» деген сан сауалдан сананы арашалай алмаймыз. Мұндайда бізге не істеу керек? Алдымен жігер қажет. Айқын мақсат пен нық сенім керек. Одан соң мемлекет берген мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сол арманның жүзеге асуына қарекет етуіміз тиіс. Мысал ретінде аудандағы сондай жандардың бірін алайық.

Жомарт Рахымжанов – мемлекеттен 2 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған. Бала күнінен қолөнерге жақын өскен ол арман жолындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ұлттық нақыштағы дүниелерді шығаруда. Көкжиегін қолөнермен кеңейткен кейіпкерімізбен әңгімелесудің сәті түскен болатын.

Ауылдан түлеп ұшып, арман қуған бозбала Кентау қаласындағы көпсалалы колледжге оқуға түседі. Мұнда «Жылумен қамту, жылу құрылғыларын пайдалану» мамандығы бойынша білім алады. Оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң ауылға келіп, мамандығы бойынша жұмысын бастайды. Дегенмен бала күнінен сурет салып, мүсін жасаған оның тұла бойы қолөнерге бейім еді. Сол арманын жүзеге асыру үшін өткен жылы Кәсіпкерлер палатасына табан тірейді. Мұнда ол арнайы курстан өтіп, жобасын қорғап, кәсіп бастарға қажет қаражатты ұтып алады.

– «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша «Кәдесыйлар өнімін шығару» атты жобам грантқа лайықты деп танылды. Бөркімді аспанға атқаным рас. Өйткені бұл бала күнгі арманым еді. Аталарымнан дарыған бойдағы өнерімді паш еткім келді. Елге қызмет етіп, ұлттық өнерімізді дамытқым келді. «Армандар орындалады» деген рас екен. Қазір ерекше сыйлықтар, түрлі ою-өрнекпен көмкерілген бұйымдар, кәдесыйлар жасаймын. Сұраныс артып, көпшіліктің қызығушылығы одан әрі еселенуде, – дейді ол.

Мұндай кәсіпті дөңгелете алғанның тасы өрге домалайтыны белгілі. Өйткені сәнді, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымына қызықпайтын адам кем де кем. Кәсібінің күннен күнге кеңейіп, жұмысының оңға басуы оның жасынан ағаш жонуға икемінің әрі тынымсыз еңбекқорлығының арқасы. «Ұлымның әке жолын қуып, ұлттық өнердің дамуына үлесін қосса деген арманым бар» дейді талапты жас сөз арасында.

Тағы да оқыңыз: