Kyzylorda-news.kz Жолдың сапасыздығы мен жол белгілерінің дұрыс қойылмауының салдарынан біздің елде тәртіп бұзу дерегі азаяр емес. Яғни, ойдым-ойдым жолдар мен белгілердің керек орынға орналаспауынан мәселе көп туындап жатады. Бірақ бұл екі мәселе де біздің ауданда шешімін тауып, соңғы үш жылда көрсеткіш көңіл қуантып келеді. Дегенмен жасалуы тиіс жұмыстар да жоқ емес. Осы мәселелер жөнінде жауапты мамандармен байланысып, атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеп алған болатынбыз.

Алдымен жол белгілерінен бастағанды жөн көрдік. 2024 жылы Жаңақорған ауданы аумағындағы 192,1 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен 603,7 шақырымды құрайтын елді мекен көшелеріндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қазынадан 60 млн 597,0 мың теңге қаралған. Қаралған қаржы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылыпты.

– Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары 31 млн 794,0 мың теңге қаралды. Қаралған қаржыға жол үсті таңбаларын сызу, ой-шұңқырды жөндеу, жол белгілерін сырлау, ескірген жол белгілерін ауыстыру, жол жиегінің шөбін ору жұмыстары жүргізілуде. Кенттегі бағдаршамдарды ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмысына 3 млн 486,0 мың теңге бөлініп, бағдаршамдарды жөндеу, бағаналарын сырлау жұмыстары жүргізілуде, – деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дәлет Оразалыұлы.

Сондай-ақ, аудан орталығындағы  жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 8085,5 мың теңге қаралып, жаңа жол белгілерін орнату, бағаналарын сырлау, ескірген жол белгілері ауыстырылуда екен. Шалқия кенті, Құттықожа, Байкенже, Билібай ауылына барлығы 144 дана жол белгілері мен білім беру мекемелерінің айналасына 18 м2 жасанды жол кедергілерін орнатуға 7 млн 116,3 мың бөлінген. Шалқия кентіне жаңа жол белгілері орнатылса, қалған үш ауылға жақын күндері орнатылады.

– Кент көшелерінде жаяу жүргіншілер және жол үсті таңбаларын сызу үшін мемлекттік сатып алу нәтижесінде «Дор Лазер» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Кенттегі басты көшелер мен барлық білім беру мекемелерінің айналасындағы жол үсті таңбалары жаңартылды. Маи бекеті және Саяжай мөлтек аудандарына жаңа жол белгілерін орнатуға 20 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме арқылы барлығы 417 дана жол белгісі мен жаңа мектептер айналасына 15 м2 жасанды жол кедергілері орнатылады, – деді жауапты маман.

Енді жол сапасына ойыссақ. Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 2023 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95,3%-дан 96,1 %-ға жеткен. 2023 жылдың қорытындысымен елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 49,6%-дан 56,1%-ға жоғарылады. Соңғы статистикадан әлі де жұмысты жандандыру керектігі байқалады.

– 2024 жылға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен елді мекендердің жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын 13 елді мекеннің көшелерін жөндеуге 1 млрд 747,5 млн теңге қаралуда. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6,4 шақырымды құрайтын 3 жобаға 532,0 млн теңге қаралған. Олар Жаңақорған кентінің Ы.Алтынсарин, М.Жаппаров, О.Ильясов көшелері. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, келісім шарт жасалуда. Аудандық бюджеттен 23,1 шақырым болатын 13 жобаға 1 млрд 215,5 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді сала маманы.

Жалпы Жаңақорғанда аудандық маңызы бар жолдардың мәселе шешілгені рас. Ендігі кезек көшелерде, кейбір көшелердің сапасыздығынан және газ бен су жүргізілгеннен кейін қайта қалпына келтірілмегендігінен жол сапасы төмендеп кетті. Сондықтан асфальтты сапалы етіп салдыру қазіргі өзекті мәселе. Бұл құзыретті органның жұмысы болғанымен, бақылау жасау тәуелсіз екенін ұмытпау керек. Яғни, әр көшенің көше комитеті немесе қазыналы қариялар осы істің басы-қасында жүруі керек-ақ. Көшелер бойынша қысқаша мәлімет келтіре кетейік. Қыркеңсе, Сүттіқұдық, М.Нәлібаев, Кейден, Қожакент, Талап, Сунақата, Жаманбай батыр, Жайылма, Ақүйік және Аққорған ауылдық округі мен Шалқия кентіндегі көшелерге орташа жөндеу жүргізіледі.

Сонымен қатар, кент орталығындағы кейбір көшелердің жай-күйі күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанына ары-бері өткен жүргізуші біткен ренжулі. Әсіресе орталықтағы көшелердің асфальті жөндеу күтіп тұр. Елдің аузына көп іліккен айналма жолдың жыры, Абай мен Түршеков көшесіндегі ойдым-ойдым шұңқырлар әлеуметтік желіде де көтеріліп келеді. Біз бүгін осы тақырып төңірегінде тарқата жазуды жөн көріп, жауапты мамандарға жолықтық.

Жалпы кенттің келбеті көріктеніп, таза­лығы ретке келтірілді деп қуанулымыз. Бір қынжыларлы­ғы, бұған дейін салынған жол­дардың тозығы жетіп, жөндеуді қажет етіп тұрғаны айтпаса да көрініп тұр. Мұның зардабын қарапайым жүргізушілер тартып отыр. Көбіне такси қызметіндегілер осы мәселені жиі көтереді. Қазақта «жолдың жайын жүрген білер» деген тәмсіл бар. Күнделікті темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілер бұл жағдайға әбден қанық.

– Рас, ауданда жолдың ахуалын жақсартуға жұмыс көп. Тіпті елді мекендерге барар жолдарды кеңейтуде заманауи талапқа сай іс-қимылды көріп те отырмыз. Айтқымыз келгені, кент орталығындағы көшелер жөндеу күтіп тұр. Үйлеріне су құбырын тартып алған тұрғындар да көптің мүддесіне көңіл бөліп, қопарылған тұсқа қол көмегін қосып жатса артық па? Мердігер мекеменің міндеті десек те, ортақ игілікке үлес қосу үлкен сауап іс қой, – дейді такси жүргізушілер.

Темір жол өткеліндегі көпір астындағы жол жағасын да қолынан күрегі түспей, ертелі-кеш ой-шұқырды бітеп жүрер ел ағасы Елеусіз атамыздың қызметі көз алдымызда тұр. Он бес, жиырма жыл осы әдетінен танбады. Қыс демей, жаз демей маңдай терін төгіп, ақысыз-пұлсыз еңбек етті. Әрбірімізде осындай жанашырлық болуы керек қой.
Біз алдымен көшелерге тікелей жауапты кент әкімдігіне бардық. Биылғы жоспарды жүйелеп, жасалынатын жұмыстарды түртіп алдық. Кент әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсенбиевпен байланысып, мән-жайды білдік. 2023 жылы атқарылған жұмыстарды төмендегіше тарқатты.

Облыстық бюджеттен Хорасан ата көшесінің қиылыстарын МАИ бекеті мөлтек ауданы, Қ.Наурызбаев көшесі, М.Дәруіш-1,2,3,5 көшелерін, базар маңындағы көшені, Қ.Кайнекеев көшесін, С.Абдреимов көшесін, Саяжай ықшам ауданының көшеаралық қиылыстарын, Т.Білалов көшелерін орташа жөндеу жұмысына 202 млн 301,0 мың теңге қаржы қаралып, 164 млн 865,0 мың теңгеге келісім шартқа отырып, жұмыстар жүргізіліпті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, МАИ бекеті мөлтек ауданының 4 қиылыс көшелеріне және М.Абдуллаев және Тәуелсіздік көшесі аралығындағы айналма жолдың орташа жөндеу жұмыстарына 246 млн 027 мың теңге қаржы қаралып, 237 млн 803 мың теңгеге келісім-шартқа отырып, жұмыс жүргізілгенін айтты.

– Биылғы жоспарларыңыз қандай?

– 2024 жылы Жаңақорған кентіндегі 11 көшеге (К.Аширов, Т.Бердібаев, У.Дүйсенов, Шалқия жолына апаратын жол, Н.Ержанов көшесінің қиылысы, Шалқия жолы мен Қ.Тағаев көшесінің қиылысы, Е.Байзақов көшесіне дейін және Р.Мырзахметов, Жеңіс көшесінің қиылысы, Қорған көшесінің тұйығы, Қ.Жарқынбекұлы көшесі мен Қ.Алдаберген көшесінің қиылы­сы, И.Мұсаев көшелерін) ағымдағы жөндеу жұмыстарына 27 млн 521,0 мың теңге қаралды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде «Ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыру» бағдарламасы бойынша Жаңақорған кентіндегі А.Иманов (теміржол өткелі тұсынан Алтынсарин көшесіне дейін) және Ы.Алтынсарин көшелеріне күрделі жөндеу жұмысына 233 млн 239,0 мың теңге қаралуда.

Жаңақорған кентіндегі О.Ильясов көшесін күрделі жөндеу жұмысына 196 млн 374,0 мың теңге, М.Жапаров көшесін күрделі жөндеу жұ­мысына 102 млн 349,0 мың теңге қаралған. Со­нымен қатар Жаңақорған кенті МАИ бекетінде орналасқан Ә.Әшірбеков, Ш.Бәкірұлы, П.Өрғара­ев көшесіне, Саяжай мөлтек ауданындағы Т.Әбе­нов пен Т.Құлымбетов және Алтыкрант мөл­тек ауданындағы А.Шынтаев көшесіне күрделі жөндеу жұмысына жалпы жиыны 1 млрд 271 млн 281,0 мың теңге құрайтын бюджеттік өтінім ұсынылды, – дейді әкім орынбасары.

Міне, кент әкімдігінің әзірге межесі осындай. Ал, көптің «бас ауруына» айналған айнал­ма жолдың аумағындағы мәселелер жайымен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушы­лар бөліміне хабарластық. Қажетті жобаның мемлекеттік сатып алу порталына салынғаны туралы білдік. Демек, жақын уақыттарда бұл жолдың да жыры бітеді деп үміттенеміз.

Атқарылған жұмыстарға зер салсақ, Жаңақорған елді мекендерге қатынайтын жолдардың мәселесін шешкен бірден-бір аудан. 26 ауылдық округ пен кенттегі облыстық, аудандық маңызы бар автожолдар қайта жаңарды. Бұл өте қуанарлық жағдай, дегенмен, жолдың сапасына келгенде сын көтермейтін тұстар бар. Кенттегі кейбір көшелердің жолы шұрқ тесік екені көзге сүйелдей көрініп тұр. Мәселен, бас көшенің асфальтіне 2 жыл да болмады, жамау-жамау күй кешті. Міне, қадағалау мен бақылау нақты болса мұндай жағдай болмас. Мемлекет басшысының әкімдер рейтингі жолдардың жағдайы арқылы өлшенетінін ескерткен болатын. Осыған байланысты аудан басшысы да нақты межені міндеттеді.

Жаңақорған ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 451 шақырымды құрайды. Оның 101 шақырымы республикалық, 157,9 шақырымы облыстық және 192,1 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында. Сонымен қатар, 26 кент және ауылдық округтің 526 көшесі 586,4 шақырым болады. Осы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жөн-жобасын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен білдік.

– 2023 жылы аудан көлеміндегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге 869,4 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, республикалық бюджеттен – 264,2 млн, облыстық бюджеттен – 174,4 млн және аудандық қазынадан – 430,8 млн қаражат жұмсалуда. Оған қоса биыл 2 көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, аталмыш жобаларды толық аяқтауға облыстық бюджеттен 181,8 млн теңге қажет, – деді бөлімнің бас маманы Дәулет Оразәліұлы.

Биыл 4 ауылға кіре беріс жолдар қайта жаңғыруда. Соның бірі – «Самара-Шымкент-Аққұм» автомобиль жолы орташа жөнделуде.

– 2023 жылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 174,7 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілді. Сөйтіп «Жаңақорған Жібек жолы» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Мердігер тарапынан бүгінгі күнге автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары жобаланып, қазан айында пайдалануға беріледі. Одан бөлек, «Самара-ШымкентТалап», «Самара-ШымкентҚыраш» және «Тау самалы лагеріне кіре беріс» автомобиль жолын орташа жөндеу жүргізілуде.

Биыл жоғарыда айтылған аудандық маңыздағы 4 жолдың сапасы мен құрылыс материалдарына сараптама жүргізу үшін «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалымен 7,3 млн теңгеге келісім шарт жасалды. Зерттеу жұмыстарының құрамында: қиыршық тас құрамын анықтау, асфальттың суға қанығуын, тапталуын, қысымға төзімділігін анықтау жұмыстары қамтылған. Сондай-ақ, материалдардың ЖСҚ-да көрсетілген материалға сәйкестігін тексердік.

– Иә, қазір барлығы қырағы қадағалауда. Кезіндегі кеңшілік жоқ қазір, сапалық өлшем маңызды. Сондықтан биылғы жұмыстарға әзірге көңіл толады. Ал, кент ішіндегі ой-шұқырлы көшелер де ретке келтіріледі. Алдағы жоспарға тоқталсақ, 2014 жылы орташа жөндеу жүргізілген «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолының 4-6 шақырымы мен 2015 жылы орташа жөндеу жүргізілген «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» автомобиль жолының 9-12 шақырымы орташа жөндеуді талап етеді.

Қалай десек те, жол сапасының сын көтеруі ең маңызды іс. Сондықтан, жауапты мамандарға ғана сенім артпай, жергілікті жұрт та бейқам қалмауы тиіс. Әсіресе, көше асфальттарына сол көшенің тұрғындары жауаптылық танытса игі. Қорыта айтқанда, құзырлы органдар құзыреттілігін білдіргенімен, біз бенсіз де білек сыбана бақылауға кіріссек бітпейтін іс болмайды. Ендеше, уақыт оздырмай салынып жатқан жолға мән беріңіздер.

Әзірге жолда жүрудің қауіпсіздігін осылай жол белгілер мен сапасына мән беруден бастадық. Алдағы уақытта зерттеу жұмысы тереңірек талданып, сыни тұрғыда қалам тербейтін боламыз. Қалғаны уақыттың көшінде...

 

Әлібек Жарықбаев

 

Тағы да оқыңыз: