maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ерлан Төрәлиевтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру, Үкімет пен аймақ басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Мәжілісте аудан әкімі Мемлекет басшысының 28 қазанда жарияланған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарына тоқталып, оны іске асыру аясында аудан бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Президент Жолдауын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында Үкімет пен облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданып, өңірлік жоспар әзірленуде. Осыған орай ауданнан нақты ұсыныстар беріп, Жолдауда белгіленген барлық бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», – деді аудан әкімі Ерлан Төрәлиев.

Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Осыған сәйкес аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы қажетті нысандардың тізімін нақтылауды, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген нысандарды қаржыландыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді газдандыру және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған тұрғын үйлер құрылысын жүргізу үшін қаржы тарту мәселелеріне басымдық беруді міндеттеді.

Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту. Осы ретте мәжілісте өңдеу саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, егін өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, инженерлік жүйедегі жерлерге лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу және шаруашылықаралық каналдарды тазарту бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Бұдан бөлек, мәжілісте халықты сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Аудан әкімі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында және тегін берілетін дәрілік препараттардың жеткілікті қорын қалыптастыруды, республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінетін дәрі-дәрмектердің тұрғындарға толық әрі уақытылы жеткізілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: