Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-шы бабына сәйкес VIIІ шақырылымдағы Парламенттің бірлескен отырысына қатысып, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін аса маңызды. Оның арқалайтын жүгі бір күн немесе бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. 

Жолдауда еліміздің демографиялық ахуалының және ұлт саулығының оң өзгерістері туралы айтылды. «Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты», - деді Президент.

Биылғы Жолдауда зиянды еңбек жағдайында жұмыс жасайтын азаматтарға ерекше назар аударылды. Ел Президенті өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отырғандығын атап өтті. Сондықтан Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.

Кәсіби аурулардың алдын алуда қажетті сауықтыру және емдеу шараларын жүргізе отырып, міндетті алдын-ала және мерзімді медициналық қарап-тексерулердің маңызы зор. Қызылорда облысында 2023 жылдың 1 жартыжылдығында өнеркәсіп, көлік, құрылыс және мұнай өндіру объектілерінде 13689 адам жұмыс істеді, 11919 адам немесе 87,06 % медициналық тексеруге жоспарланды. Барлығы 4447 адам немесе 37,3% медициналық тексерумен қамтылды. Оның ішінде әйелдердің үлесі  533 адам немесе 42,6%. Айта кету керек, соңғы жылдары жұмысшыларды арнайы киіммен және зиянды өндірістік факторлардың әсерінен басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды.

Бұдан бөлек, Жолдауда ірі өндіріс орындарынан халық денсаулығына келетін қауіптің алдын алу үшін Үкіметке кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауды тапсырды. Себебі ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп бара жатқандығын алға тартты. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керектігін жеткізді.Бұл өз кезегінде халық саламаттылығын қамтамасыз етуде өз үлесін қосатын болады.

Жолдауда айқындалған бағыттар өңіріміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ендеше елдің ертеңіне алаңдаған ел Президентінің жаңа бастамаларына қолдау білдіріп, жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап және оның орындалуына біз де бірлесе атсалысайық!

Динара ЖАНАБЕРГЕНОВА
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық 
бақылау департаменті басшысы

Тағы да оқыңыз: