Kyzylorda-news.kz Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» мәселе қаралды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Биыл қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 38 млрд.теңгеге жобалар жүзеге асуда. Одан бөлек, түнгі жарықтандыру үшін 42 көшеге жоба әзірленіп, оған 1 млрд. теңге қаралды. Жобалардың барлығы да жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
Сондай-ақ тоқсан сайын жол белгілері мен жол таңбалары жаңаланып, қажетті аумақтарға бағдаршамдар орнатылуда. Дегенмен, тиісті талаптардың барлығы да сақталғанымен жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары орын алуда. Осы жылдың 8 айында қала көлемінде 575 жол-көлік оқиғасы орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмендеген.
- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, профилактикалық шараларды күшейту қажет. Жаяу жүргіншілерге және көлік тізгіндегендерге күнделікті түсіндірме жүргізілуі керек. Бізге адам өмірі маңызды. Тапсырманы тиянақты орындаңыздар, - деді Нұржан Сәбитұлы.
Қазіргі таңда «Ақылды қала» және «Қауіпсіз қала» жобалары қарқынды жүргізілуде. Қосымша инновациялық жобалар да әзірленуде. Шаһар басшысы сала мамандарына заманауи талаптарға сай жол инфрақұрылымын дамытуға және инновациялық инженерлік шешімдерді енгізуге басымдық беру қажеттігін ескертті.
