Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды.
Мәжілісте Тереңөзек кентінде салынып жатқан теміржол вокзалының құрылыс жұмыстарының барысы жан-жақты талқыланды.
Бүгінгі таңда ғимараттың кіреберіс баспалдағының астыңғы іргетасы құйылып, электр желілерін қосу, есік-терезе откостарын әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жоба аудан тұрғындары үшін аса маңызды. Себебі аудан аумағы арқылы өтетін 46 шақырымдық теміржол желісі халықтың еркін қатынауына мүмкіндік береді. Жаңа вокзал пайдалануға берілгеннен кейін жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артып, қолайлы жағдайлар жасалмақ. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, Тереңөзек кентінің инфрақұрылымдық дамуына оң әсерін тигізетін болады.
– Жаңа вокзал халыққа сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артады. Сонымен қатар вокзалдың іске қосылуы ауданның көлік әлеуетін арттырып, елді мекеннің келбетін жақсартуға және әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, барлық жұмыс белгіленген талаптарға сәйкес әрі уақытылы орындалуы қажет. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың игілігіне қызмет ететін нысанды сапалы әрі мерзімінде ел игілігіне беру, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, әлеуметтік желілердегі ақпараттық белсенділікті арттыру, мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

