Kyzylorda-news.kz. Өңірдің дамуы көш соңында емес. Қай салада болсын мүмкіндігіне қарай ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе аудандағы жол жайы көңіл қуантарлықтай. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары, елді мекенаралық жолдар жөндеуден өтуде. Кезең кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Жалпы аудан көлемінде жол жайы жақсарып келеді. 

Әсіресе ауданға қарасты елді мекендердің ішкі көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Мұның ішінде осыған дейін көтеріліп келе жатқан мәселе – Ақсу ауылына апарар жолдың жайы бар еді. Рас, ақсулықтардың жиі қозғайтын өзекті мәселелердің бірі – ауылға кіреберіс жолдың жай-күйі. Иә, тақтайдай тегіс, түнде шамы жарқыраған ауылға кіреберіс жолмен жүрген тұрғындардың көңілі көтеріңкі болары анық. Ақсуда қазір бірліктен туындаған берекелі тірлік көп. Бүгінде ақсулықтардың ұсынысына сәйкес 3 ішкі көшенің жөндеу жұмыстары үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалуда. Мұнан бөлек осы жылы елді мекендегі тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы басталады. Ауыл халқы үшін ең қуанышты, көптен күткен жаңалықтың бірі Ақсуға биыл көгілдір отын  жүргізіледі. Бүгінде газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталған.
Ақсу ауылына кіре-беріс аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына жалпы жоба құны 76,6 млн теңге қаржы бөлінген. Облыстық бюджеттен қаржы толық қаралды. Мердігер мекеме «ТрансСервис» ЖШС. Қазіргі таңда шұңқырларды қазу, жолды тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Техникалық қадағалаушы «Ақбозат LTD» ЖШС. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 23,8 млн.теңге немесе 33,5%.

Сонымен бірге Есет батыр-Жаңадария бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 392,0 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме «Ақтоған» ЖШС қолға алуда.. Техникалық қадағалаушы «Әсем Құрылыс Қызылорда» ЖШС. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалып тұрған жұмыстары: жол белгілерін орнату, темір бетон сигналды тіректерді орнату, жолды бөлетін жолақтар сызу және тағы да басқа жұмыстар. Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінен бастап жұмыстарды аяқтауға 60,3 млн.теңге жетіспеуіне байланысты жұмыстар тоқтап тұр. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 301,4 млн.теңге немесе 83,5%. Ал Жаңаталап-Аққыр аудандық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен толығымен қаржы қаралды. Мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС қазіргі таңда жолдың асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жол жиегін нығайту, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың 1 шілдесіне игерілгені 579,9 млн.теңге немесе 92,1%. Шілде айында жұмыстарды толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы, ауданда жол жайы көңіл көншітеді. Қазірдің өзінде аудан көлемінде жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу бойынша 2,2 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнге 7 жобаның мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 1 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Әсіресе елді мекендердегі ішкі көшелер жөндеуден өтіп, ауылдағы ағайынның қуанышын еселемек. Өздеріңізге белгілі, Жалағаш кентінде 71 көше бар. Оның 39-ы Дәуімбай елді мекенінде орналасқан болса, 30-ы Жалағаш кентінің бергі бетіне тиесілі. Ағымдағы жылы кенттегі 11 көшені күрделі жөндеу жұмыстарына барлығы 1 млрд. 35 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні жөндеу жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, Жалағаш кентінде демеушілер есебінен 99,7 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда. Әрине бұл жобалар да ел игілігі үшін екені белгілі. Аталған жобалар да кенттің келбетін арттырып, жол жайын жақсартуға бағытталған байыпты бастамалардың қатарын толықтыруда. Тарқатар болсақ, жоба құны 2,5 млн. теңгені құрайтын Өмірбай шешен көшесінің І.Қабылов пен С.Қалыбаев көшелері аралығындағы жол қайта ашылып, тас төсеу, жоба құны 2,0 млн. теңгені құрайтын Абай тұйығы және Сәрке батыр тұйықтарына тас төсеу жұмыстары. жоба құны - 1,5 млн. теңгені құрайтын Қ.Сәтпаев көшесіне тас төсеу, жоба құны - 9,7 млн. теңгені құрайтын Желтоқсан көшесі №3 мекен-жайындағы ғимаратының шатырын жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар кенттегі М.Шәменов, Т.Жүргенов, Қ.Нұрпейісов, Т.Қыстаубаев, А.Ізтілеуова, Төле би, Мысық би, І.Нүркенов, Н.Әпрезов, И.Панфилов көшелерін жарықтандыру жұмыстарына да жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Ауданда көпірлерді жаңарту жұмыстары да жолға қойылған. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 406,9 млн. теңге бөлініп, 2 жоба іске асырылуда. Әсіресе қанша жылдан бері жалағаштықтардың көкейінде жүрген аспалы көпірдің құрылысы сүйіншілейтін жаңалық болып тұр. Түйіні тарқатылмай келген түйткілді мәселеге биыл нүкте қойылып, Жалағаш кентінен теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталып кетті бұл күнде. Сонымен бірге Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы көпірін орташа жөндеу жұмысы да өз деңгейінде жалғасуда. 

Жалағаш ауданында көгілдір отын кіргелі халық бейнеттен құтылды. Бұл тұрғындардың қуанышы. Ал шын мәнінде табиғи газды тұтыну тұрмысты ғана жеңілдетіп қойған жоқ, ауданды газдандыру жобасының сәтті іске асуы экологиялық ахуалдың түзелуіне, нақтырақ айтсақ, табиғат байлығының сақталуына оң әсерін тигізері анық. Ауданды газдандыру жұмыстары 2019 жылдан бастау алып, орталықтандырылған газ желісі 2021 жылы пайдалануға берілді. Жалағаш кентінің тұрғындары содан бері көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Әлі де бұл бағытта жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жалғасып жатыр. Тек кенттің іші ғана емес, алдағы уақытта ауданға қарасты барлық ауылдарға да газ апару көзделіп отыр. Бірақ әзірше аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендер ғана табиғи газбен қамтылмақшы. Бұл жұмыстардың аясына бюджеттен 65,5 млн. Теңге бөлініп, 4 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, мердігер мекемелер анықталды. Енді жақын арада көгілдір отынның игілігіне қол жеткізетіндердің қатарында «Наркескен» спорт клубы, аудандық кітапхана, аудан іргесіндегі Ақсу елді мекені мен М.Шәменов елді мекені бар. Әрине, бұл биылғы жылдың еншісіндегі жағымдық жаңалық. Алдағы уақытта да ауданға қарасты басқа да елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары жалғасын табады. Демек, ауылдағы ағайынның да табиғи газдың игілігін көретін күні алыс емес. Айта кетейік, Қаракеткен ауылына 2 дана және Жаңаталап ауылына 3 дана техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен 82,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қаракеткен елді мекенінде 2 дана техникалық су ұңғымаларын  қазу бойынша мердігер мекемелер «Энергиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. Жаңаталап елді мекенінде 3 дана техникалық су ұңғымаларын  қазу бойынша мердігер мекемелер «Энергиянұр» ЖШС, «Табабер» ЖШС жұмысын бастады.

Тағы да оқыңыз: