Kyzylorda-news.kz. Үстіміздегі жылы Жалағаш кентінде жалпы құны 643,6 миллион теңгеге М.Шәменов, І.Нұркенов, И.Панфилов, Мысық би, А.Бектібаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары, ПМК-09 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ, қосымша 7 көшені күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Бүгінгі күні Жалағаш кенті М.Шәменов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстары басталыпты. Мердігер мекеме - «Қызылорда Жолдары» ЖШС мекемесі.
Қазіргі таңда мердігер мекеме арнайы ескертпе ретінде жол белгілері қойылып, қызу жұмысқа кірісті. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар Жаңадария бағытындағы автожолды орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоба өтпелі. Орташа жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған. Жоба құны - 392 миллион теңгені құрайды. Мердігер мекеме: «Ақтоған» ЖШС.
Аяқ су мәселесі шешімін тапты
Жалағаш ауданы әкімінің 2023 жылдың І тоқсан қорытындысымен тұрғындармен кездесуі барысында Жалағаш кенті тұрғындары тарапынан көтерілген аяқ су мәселесі оң шешімін тапты.
Қазіргі таңда тұрғындар ұсынысына сәйкес аяқ су жеткіліксіз көшелерге 6 су насосы орнатылуда. Мұнымен қатар, биылғы жылы Қаракеткен және Жаңаталап ауылдық округтеріне 82,6 миллион теңгеге су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізіледі.
«Құрметті Жалағаш ауданының тұрғындары! Аяқ су жүретін арықтарды қайта қазып, ауданымызды абаттандыру мен гүлденуі үшін атсалысуға, тұрғын үй алдындағы арықтарға қоқыстар тастамауға, сарқынды суларды төкпеуге шақырамыз» дейді сала мамандары.
Жақсы амалдар қауышқан күн
Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Темірбекұлы Есжанов ардагерлерге, батыр аналарға, еңбек адамдарына арнап ауызашар берді. Барша мұсылман қауымы асыға күтетін он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол қасиетті Рамазан айында дастархан басына жайғасқан ел азаматтары жылы лебіздерін білдіріп, халықты бірлікке, еңбекке үндеді. Жалағаш ауданының басшысы Асқарбек Темірбекұлы жұртшылықты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, жыл бойы атқарылып жатқан берекелі істерді, халық үшін жасалған оң бастамаларды жүзеге асыру жолындағы бірлік пен береке, достық пен татулық елдегі ауызбіршіліктің арқасы екенін жеткізіп, ауызашарда ізгі ниеттердің қабыл болуына өз тілегін білдірді.
Тұрғындар мәселесі назарға алынды
Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов кезектілікке сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Жеке қабылдауда болған тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз су жүйелерін жөндеу және тұрақты жұмысқа орналасу мәселелерін жеткізді.
Қабылдауға келген денсаулық саласынаң ардагері Раушанбек Смағұлов бүгінгі күнге дейінгі аспалы көпір салу мәселесінің өзектілігі ескеріліп, Дәуімбай учаскесі мен Жалағаш кенті аралығындағы темір жол өткелі мәселесі оң шешім тапқанына өз алғысын білдірді. Жалағаш ауданы басшысы өз кезегінде темір жол өткелінің құрылысы жақын күндері басталатындығын айтып өтті.
Сондай-ақ, Жалағаш ауданы әкімі «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 80 үй құрылысы басталатынын айтты.
Тұрғындардың жеке мәселелері назарға алынып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Тұрғындар Жалағаш ауданы әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.

Елге сәлем берген күн
Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов «Төркіндеу» атты дәстүрлі жоба аясында туған жерге төркіндеп келген аналар қауымының құрметіне ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысты.
Мерекелік концерт барысында Мәскеуде өткен механизаторлардың одақтық жарысында жүлделі орынды жеңіп алып, республиканың мақтанышына айналған тракторшы Гүлсара Қуандықова мен өз заманында көкқасқаны көгендеп мініп, Отан қоймасына алтын астық тасыған белгілі ақын сатирик Қазына Өзденбаева елге деген сағынышын, ыстық лебіздерімен ризашылықтарын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, белгілі ақын қыздарыңыз Ғазиза Әбділда жазған өлеңдерінің сөзіне жазылған әннің алғаш тұсауы кесілді. Ақынның шынайы сезімге толы «Ғашық өмір» атты өлеңіне Өнертану ғылымдарының кандидаты, композитор Гүлнар Ысқақова ән жазған.
Елге сәлем бере келген қыздарымыз өздерінің жөн-жоралғасымен қонақ кәде деп шағын концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Шара соңында құрметті қонақтарымызға аудан әкімінің алғыс хаттары мен гүл шоқтары табысталды.
«Міне, сіздердің осылай келулеріңіз елге құт. Көктем жылдың тамаша мезгілі, табиғат ана оянып, сәуір туғанда шаруа-диқан қолына кетпенін алып, егіске шығады. Сіздер осындай үлкен науқанның алдында, игілікті істерге тілекші болып келіп отырсыздар деп есептеймін. Қайда жүрсеңіздер де отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын. Әрдайым аман жүріңіздер! Жақсы күндеріміз көп болсын, жақсылықта жолығып тұрайық», - деді аудан әкімі.
Өз еліне еркелеп келген нәзік жандыларды аудандық «Иманқұл» мешітінің алдында тал егу акциясына қатысып, «Өркен Әлем» ЖШС-нің тігін цехымен және онда жұмыс жасайтын шебер аналар қауымымен жүздесті. Сондай-ақ, 2023 жылы пайдалануға берілген бақытты балалар мекеніне айналған, Жалағаш кентіндегі «Жеті қазына» жеке балабақшасының жұмысымен танысты.
Берекелі күннің түйіні ретінде ардагерлеріміз бен батыр аналарымызға арнап ауызашар берілді.

