Kyzylorda-news.kz Қауіпсіздік– өмір кепілі. Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру мақсатында 17-25 мамыр аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осы ретте полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік шараларды іске асырды. Әсіресе, жылдамдықты шамадан тыс асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, мас күйінде көлік басқару, қарсы бағытқа шығу және жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі сынды заңбұзушылықтарға бақылау күшейтілді.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының болуын болдырмау, адам өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында тұрғындарға жолда барынша мұқият болу, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де тәртіпке бағынып, сақтық шараларын естен шығармауы тиіс.
«Қауіпсіз жол» акциясы аясындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарды жауапкершілікке және жол мәдениетін сақтауға шақырды.
Фото: polisia.kz
