Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінде Жол қозғалысы қауіпсіздігі күніне орай ұйымдастырылған кешенді профилактикалық іс-шара жоғары деңгейде өтті. Аталған шараның мақсаты – жеке құрам арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру.
Іс-шара бөлім командирі подполковник, Жасұлан Беркеновтің жетекшілігімен ұйымдастырылып, әскери қызметшілердің белсенді қатысуымен өтті. Өз сөзінде бөлім командирі жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өміріне тікелей қатысты маңызды мәселе екенін атап өтті.
– Жол қозғалысы ережелерін сақтау – бұл тек заң талабы ғана емес, бұл – адам өмірін сақтау. Әскери қызметші әрдайым тәртіптің, жауапкершіліктің үлгісі болуы тиіс, – деді ол. Шараға бөлім командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, майор Есмұқан Тағабайұлы да қатысып, әскери техниканың техникалық жағдайына ерекше мән беру қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, көлік құралдарының ақаусыз болуы – жол қауіпсіздігінің негізгі кепілі.
Профилактикалықіс-шара барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын түсіндіру бағытында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әскери қызметшілерге жолда туындайтын қауіпті жағдайлар, олардың себептері мен салдары нақты мысалдар арқылы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, теориялық және тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, жол белгілеріне бағыну, қауіпсіз арақашықтықты сақтау және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету бойынша нақты нұсқаулар берілді. Іс-шара аясында әскери бөлімдегі автокөліктер мен арнайы техникалардың техникалық жай-күйі тексеріліп, жүргізушілердің кәсіби даярлығы бағаланды. Бұл өз кезегінде қызмет барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Фатима Маратова,
№5547 әскери бөлімінің
Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімше бастығының
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі
