Kyzylorda-news.kz  Жекелеген маңызды жоба ретінде «Үшарал – Достық» автомобиль жолын жаңғыртуды атауға болады. Жобаны іске асыру жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және Қазақстан-Қытай шекарасындағы логистикалық тораппен көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік берді.

Қызылорда облысының аумағында «Қызылорда – Жезқазған» автожолы реконструкцияланды. Көптеген жылдар бойы осы трассаның жай-күйі жүргізушілер мен жолаушылар тарапынан сынға ұшырап келді. Қазіргі уақытта жолдың Ұлытау облысы аумағындағы учаскелерін реконструкциялау жалғасуда.

«Ұзынағаш – Отар» жобасы аяқталды, соның арқасында Алматы мен Шымкент арасындағы көлік дәлізінің негізгі учаскелерінің бірінде төрт жолақты қозғалыс қалыптасты.

Сонымен қатар, Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір және Шақпақ-Баба асуындағы автомобиль тоннелі пайдалануға берілді.

Соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 2023 жылы пайдалануға берілген Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) болды. Жолдың көпшілік учаскелерінде алты жолақ, ал жекелеген бөліктерінде төрт жолақты қозғалыс бар. Жоба аясында жеті көлік айрығы, ондаған көпірлер мен жол өтпелері салынды. Бұл құрылыс мемлекет пен жеке сектор әріптестігі аясында жүзеге асырылып, Орталық Азиядағы ауқымы жағынан ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарына қосылды. ҮАААЖ транзиттік қатынасты Алматы қаласының сыртына шығаруға мүмкіндік беріп, қаланың көше-жол желісіне түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетті.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеудің ауқымды бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 10 мың шақырым жол қамтылмақ. Жұмыстар елдің негізгі бағыттарында, оның ішінде «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Қарқаралы», «Қостанай – Мамлютка», сондай-ақ «Өскемен – Семей» автожолдарында жүргізілуде.

Ағымдағы жылы орташа жөндеумен шамамен 5 мың шақырым жолды қамту жоспарланып отыр, ал жыл соңына дейін жаңартылған трассалардың шамамен 2 мың шақырымын пайдалануға беру көзделген.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың арқасында стратегиялық көлік дәліздері қалыптасып, жаңартылды. Бұл

дәліздер еліміздің өңірлері арасындағы жылдам әрі қауіпсіз байланысты орнатады, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық көлік маршруттарының интеграциясын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағы арқылы жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырым болатын сегіз халықаралық автомобиль көлік дәлізі өтеді.

Көптеген жылдар бойы қаржыландыру тапшылығы болған жергілікті жол желісін дамытуға ерекше назар аударылуда. Іске асырылып жатқан жобалар қатарында «Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс» жолы, Қызылорда қаласы әуежайына кіреберіс жол, Амангелді ауылына кіреберіс және басқа да бірқатар нысандар бар.

Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу және жөндеу қазірдің өзінде айтарлықтай экономикалық тиімділік беріп отыр. Бизнестің көліктік шығындары азайып, жүк тасымалы жылдамдап, өңіраралық сауда дамып, шағын және орта бизнес өсіп, аймақтардың инвестициялық әлеуеті өсуде. Заманауи автожол желісі халықтың мобильділігін, ішкі нарықтың дамуын және елдің транзиттік әлеуетін нығайтуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның экономикалық кеңістігінің каркасына айналуда.

Жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары әрі қарай жалғасуда.

Тағы да оқыңыз: