Kyzylorda-news.kz Сапалы жол – елді мекендердің дамуының маңызды тетігі әрі тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартудың негізгі факторларының бірі. Осыған байланысты Қармақшы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, Жосалы кенті мен елді мекендердегі көшелерді өз кезеңімен жөндеу, олардың техникалық жағдайын жақсарту және жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Қармақшы ауданының аумағынан 139 шақырым – республикалық, 42 шақырым – облыстық және 155,35 шақырым – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары өтеді.

Қазір аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100 пайызды құрап отыр. Бұл – жол сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.

2026 жылы кент, елді мекен көшелерінің техникалық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар жөндеу жобалары іске асырылуда.

2025 жылдан бастап аудандық маңызы бар «Төретам–Ақай» автомобиль жолының 5,25 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жолдың 3,45 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2026 жылы қалған 1,8 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізіп, жобаны толық аяқтау көзделуде.

Сонымен қатар Ақжар ауылдық округіндегі Ораз ахун және Жиенбаев көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінді. Жұмыстарды жауапты мердігер мекеме жүзеге асыруда.

Жосалы кентіндегі Келмембет батыр көшесінің 2,2 шақырымын және Нақыпов көшесінің 1,35 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – тек жолдың сапасын жақсарту емес, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз ету және ауданның әлеуетін арттыру.

Алдағы уақытта да аудан аумағындағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. 

Тағы да оқыңыз: