Kyzylorda-news.kz  Облыс көлемінде елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту, жол желілерінің сапасын арттыру және көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов мәлімдеді.

- Бүгінгі таңда Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3545 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар - 1024,5 шақырым, облыстық жолдар - 555 шақырым, ал 1965,5 шақырым аудандық маңызы бар жолдар санатына жатады. Ағымдағы жылы өңірде ұзындығы 330 шақырымға жуық жолдар мен көшелерге, сондай-ақ көпір өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл - халықтың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы «Әуежайға кіре беріс» жолы, сондай-ақ Шіркейлі, Сыздық, Жаңадария каналдары үстіндегі көпірлер қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы кеңейтіліп, «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысы толық аяқталды. Бұдан бөлек, Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі Сырдария бөгеті бойымен жаңа жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қала ішіндегі көлік ағынын қайта реттеуге және жол жүктемесін азайтуға оң әсер етеді. Жол - тек қатынас құралы емес, ел экономикасының қозғаушы күші. Сол себепті біз үшін әрбір бағыт, әрбір учаске маңызды. Басты мақсатымыз - тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, шалғай ауылдарды сапалы жолмен байланыстыру және өңірлік көлік логистикасын дамыту, - деді Жәнібек Шәкімбайұлы.

Сондай-ақ, облыс аумағында тұрғындардың аудан және облыс орталығына қатынауын қамтамасыз ету, көлік қатынасын жүйелеу мақсатында жолаушылар тасымалы бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда елді мекендер арасындағы тұрақты қатынас жолға қойылып, халыққа қолайлы көлік қызметі ұсынылуда.

- Қазіргі уақытта облыста 200-ден астам тұрақты жолаушылар бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде ауданаралық, ауданішілік, қалаішілік және қала маңына қатынайтын бағыттар бар. Сонымен қатар, еліміздің ірі қалаларына және Ташкентке дейін қатынайтын облысаралық және халықаралық бағыттар да халыққа тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Жолаушыларды тасымалдау қызметін 30-дан астам жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыруда. Автопарктерде әртүрлі сыйымдылықтағы автобустар бар. Жыл басынан бері тасымалданған жолаушылар саны артты. Бұл тұрғындардың қоғамдық көлікке деген сұранысының жоғары екенін білдіреді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында орналасқан автовокзалдар мен автостансалар арқылы халыққа тұрақты қызмет көрсетілуде. Алдағы уақытта бағыттардың қолжетімділігін арттырып, жолаушыларға жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады, - деді басқарма басшысы.

Қызылорда облысында темір жол бағытындағы вокзалдар мен қызмет көрсету бекеттерін жаңарту жұмыстары басталды. Бұл шаралар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында қолға алынған. Өңірде жолаушыларға сапалы, қауіпсіз және заманауи стандарттарға сай қызмет көрсету бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. 

- 2023 жылы Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы мен оның аумағы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұл жұмыстар өз жалғасын өңірдегі Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал және Сексеуіл станцияларында тапты. Бүгінде аталған 7 вокзалда ішкі демонтаж жұмыстары басталып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерін кеңейту немесе жаңа заманауи нысан салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыруға тәжірибелі мердігер, жобалаушы және техникалық қадағалаушы ұйымдар тартылған. Темір жол нысандарын жаңғырту - тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мен өңірлік көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам, - деді Жәнібек Шәкімбайұлы.

Жәнібек Сыздықов.jpg

Тағы да оқыңыз: