Kyzylorda-news.kz  Жақында Арал  ауданның өркендеуіне өзіндік із қалдырған «Арал құрылысы» ЖШС-нің 20 жылдығы тойланды.

Мерекелік іс-шара қаладағы «Арал құрылысы» ЖШС мекемесінде өтті. Оған жол және құрылыс саласының ардагерлері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, облыстық департамент басшылары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының жетекшілері және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар қатысты.

Жиында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып «Арал құрылысы» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

– Құрметті жерлестер, қадірлі автожол саласының қызметкерлері. Ел дамуындағы үлкен сала – жол инфрақұрылымына сүбелі үлес қосып келе жатқан Автожол қызметкерлерінің мерекесі, сонымен қатар ауданымыздың өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан «Арал құрылысы» ЖШС-нің құрылғанына 20 жылдығы баршаңызға құтты болсын! Халқымыз «Жол – өмірдің өзегі» дейді. Шынында да, жол – ел мен елді, ауыл мен қаланы, өзара байланыс пен ынтымаққа берік негіз болған алтын көпір. Жол бар жерде – даму бар, байланыс бар, тіршілік бар. Осындай сауапты жұмыстардың басы-қасында жүрген сіздердің еңбектеріңіз – халық игілігіне бағытталған, қасиетті кәсіп. Ауданның игілігі жолындағы тынымсыз еңбектеріңіз үшін аудан халқының және жеке өз атымнан ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Салған жолдарыңыз ұзақ жылдар ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, әкім аудан бойынша жол инфрақұрылымы саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Арал құрылысы» ЖШС-нің негізін қалаушы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, меценат, Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаевқа Қызылорда облысының ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ, автожол саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің, ҚР Көлік министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Шара барысында құрылыс саласының ардагері, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Арал ауданының Құрметті азаматы Д.Мадинов сөз сөйлеп, сала мамандарын және мерейтой иелерін құттықтады.

Мерекенің жалғасында аудан әкімі бастаған қонақтар мекеме ауласында суыққа төзімді 30-дан астам жеміс ағаштары мен тал көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, Арал индустриалды-техникалық колледжі мен Арал көпсалалы колледжі студенттерінің құрылыс және ауыл шаруашылығы бағытындағы қолөнер бұйымдарымен танысты. Қонақтар сонымен қатар кәсіпорынның құрылым тарихынан сыр шертетін көрме жұмыстарымен танысты.

Шара аудандық мәдениет үйінде өткен «Алға адымдаған Арал құрылысы» атты сыр-сұхбат кешімен жалғасын тапты.

Кеш шымылдығы серіктестіктің іргесін қалаған, оны қиын кезеңдерден аман алып шыққан Оразғали Құлмырзаевтың өмір жолынан сыр шертетін сахналық қойылыммен ашылды.

Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ш.Есжанов қатар аталып отырған қос мерекенің маңыздылығына тоқталып, сала мамандарын құттықтады.

– Құрметті жерлестер, қадірлі қауым! Біз тарих сахнасына шыққан кәсіпорынның 20 жылдық белесіне куә болып отырмыз. «Арал құрылысы» ЖШС – ел дамуының ауыр кезеңінен сүрінбей өткен, бағыты айқын, болашағы жарқын мекеме. Мейрамбек Оразғалиұлы бастаған ұжым бүгінде кәнігі құрылысшылардың ұстаханасына, жол саласының жанашыр орталығына айналды. Баршаңызға зор денсаулық, табыс және абырой тілеймін. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Шерхан Жұбаханұлы.

Кеш барысында «Арал құрылысы» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты М.Құлмырзаев пен жеке кәсіпкер, жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы, аудандық мәслихат депутаты Л.Мамитановаға ҚР Көлік министрлігінің «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Сонымен қатар, сала үздіктері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, республикалық «Жалаңтөс Баһадүр» қоғамдық қорының президенті Н.Мұсабаев сөз сөйлеп, мерейтой иелерін құттықтап, мекеме жұмысы мен сала мамандарына сәттілік тіледі.

Кеш тізгінін одан әрі аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, ақын А.Сайлауов алып, шараның арнайы қонағы ретінде шақырылған «Арал құрылысы» ЖШС-нің негізін қалаушы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, меценат, Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаевпен сыр-сұқбатқа ұласты.

Тағылымды кеште серіктестіктің құрылу тарихы, жетістіктері мен сындарлы жылдардағы қиын кезеңдер жайлы естеліктер айтылды. Кеңес дәуірінен кейінгі дағдарыс жылдарында көптеген өндіріс орындары жабылып, құрылыстың тоқырау кезеңін өткерген шақта Оразғали Құлмырзаевтың қажыр-қайраты мен табандылығының арқасында мекеме қайта жанданып, жаңа серпінмен дамуға бет алды.

Алғаш көпір бөлшектерін дайындаудан бастаған ұжым кейін түрлі құрылыс жұмыстарын игеріп, бүгінде өңірдің ірі кәсіпорындарының біріне айналды.

Тағы да оқыңыз: