Kyzylorda-news.kz Қызылорданың Жезқазған бағытынан бастау алатын Сағымбаев көшесі келешекте шет аумақты қала орталығымен байланыстыратын маңызды жол болмақ. Шаһардың көлік логистикасын жақсартуға бағытталған даңғыл теміржол астынан салынып жатқан өткелмен түйіседі.

Биыл Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртудан өтіп, көше кеңейтілді. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде «Жол сапа» орталығының мамандары нысанға 23 мәрте тексеру жүргізіп, асфальт пен жол құрылыс материалдарынан 46 сынама алынған. Зертханалық сараптама қорытындысымен оның 20-сы талапқа сай келмейтіні анықталды. Яғни, кейбір материалдар мен асфальт жабындысының сапасы белгіленген нормаларға сәйкес болмай шықты.

Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге ескерту беріліп, оларды түзету жөнінде ұсыныстар жасалды. Қазіргі таңда жол салушы компания олқылықтарды қайта қалпына келтіріп жатыр. 

– «Мұндай тексерулердің мақсаты – жолды қабылдап алатын кезде ғана емес, оның сапасын құрылыс барысында бақылау. Себебі, асфальттың құрамынан бастап, жолға төселген материалдарға дейінгі әрбір кезең оның қанша уақыт қызмет ететініне әсер етеді. Жалпы жаңа жолдан өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Және бұл жолдың келісім-шартта көрсетілген кепілдік мерзімі бар. Егер, бір шеті сыр беріп жатса мердігер өз қаражаты есебінен түзететін болады. Сондықтан, орталық мамандары маңызды автожолды жіті тексеріп, барлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалап отыр»,- деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ҚОФ зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.

Жоба бойынша Сағымбаев көшесінің Торайғыров даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі аралығындағы 2 шақырымнан асатын қайта жаңғыртудан өтті. Атап айтқанда, 4 жолаққа кеңейтіліп, жиегінен жаяу жүргіншілер жолы төселді.

Сондай-ақ, жол бойына толықтай жарық шамдары орнатылып, қоғамдық көліктер үшін жаңадан аялдамалар салынды.

Тағы да оқыңыз: