Kyzylorda-news.kz. Ауылдық жерлерде шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Солардың бірі Жетікөл ауылдық округінде байланыс антенасын құру еді. Сырдария ауданына қарасты ауылдық округте бұл мәселе өз шешімін тауып, Мұхтар Көзейбаевтың демеушілігімен, ауыл тұрғындары үлкен қуанышқа бөленіп отыр. Ендігі жерде тұрғындар жылдам ғаламторға еркін қол жеткізе алады.
«Байланыс антена жұмыстары аяқталды! Ауылымыздағы ең өзекті мәселелердің бірі байланыс антенасын құру еді. Бүгін Көзейбаев Мұхтар ағамыздың қолдауымен антена мұнарасының жұмысы аяқталды. Ауылымыздың гүлденуіне үлес қосқан Мұхтар ағамызға және де көмек берген ауыл азаматтарына алғысымыз шексіз» деп жазды ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде.
Антенна – радио, телехабар толқындарын тарататын және қабылдайтын құрылғы. Антеннаның толқын тарату бағыттылығы толқынның таралу бағытындағы толқын өрісі кернеуін жоғарылатады.
Жетікөл ауылдық округі тұрғындары енді жылдам интернет желісін еркін қолдана алады. Ауылды дамыту, көркейту қазіргі таңда күн тәртібіндегі мәселе. Осы ретте атқарылып жатқан игі істің нәтижесін халық алдағы уақытта көре бермек. Оның үстіне бүгінгідей ақпараттық жүйе дамыған заманда ғаламтор желісінің жүйелі жұмысы маңызды. Осы ретте тұрғындар үшін аса маңызды мәселе шешім тауып, байланыс антеннасы құрылғаны қуантарлық жаңалық.