Kyzylorda-news.kz. Апта басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызыл-орда облысы бойынша  департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы Асылхан Ашиков пен орынбасары Мұрат Баянахмет кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнеске жол» жобасы аясында брифинг өткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесіп «Бизнеске жол» жобасы негізінде жергілікті кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғап, бизнестің дамуына негізсіз кедергілерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар журуде. «Атамекен» палатасында апта сайын  бизнес өкілдерінің жеке қабылдауы өтуде. Жалпы жобаны іске асыру үшін 540-тан астам кәсіпкерді қамтыған, оның 41-мен кездесу өткізген. 

Мәселелерді талдау мақсатында әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет-ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылды.

«Кәсіпкерлердің жиі көтеретін мәселесі – жер учаскелерін пайдалану мерзімін ұзарту, бизнес жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдардан түрлі келісімдер алу, атқарылған жұмыстары үшін тиесілі қаражатты кері  қайтара алмау. «Бизнеске жол» жобасы аясында 700-ге жуық кәсіпкердің заңды мүдделері қорғалып, жұмысының әрі қарай дамуына ықпал жасалды», – деді Асылхан Ашиков.

Сондай-ақ департаментке жергілікті кәсіпкер шағым білдіріп, ондағы «Талсуат ауыл-дық округінде көшені жарықтандыру» бойынша өткізілген конкурста бір мекеме жалған құжат ұсынып, жеңімпаз деп танылған. Жалған мәліметтерді сыбайлас жемқор-лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жан-жақты зерттеп, департамент алаңында жауапты мекеме мамандары мен кәсіпкердің қатысуымен кездесу ұйымдастырып, кәсіпкердің уәждері негізді деп танылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша құжаттар қайта қаралып, шағымданушы кәсіпкер конкурстың жеңімпазы болды. 

Сондай-ақ кәсіпкердің заңды мүдделері шектелуіне байланысты жауапты бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. .
Тағы бір мәселе өңірде сұйытылған мұнай газын бөлу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, бұл салада кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік кедергілер жасау белгілері байқалған. Жергілікті кәсіпкерлер бірнеше ай бойы энергетика министрлігімен қосымша бөлінген сұйытылған мұнай - газ көлемін ала алмаған.

Зерттеу нәтижесінде уәкілетті органның комиссиясы тарапынан газ бөлу барысында «таңдаулы» кәсіпкерлерге артықшылықтар көрсетілгені анықталған. Қазіргі таңда өтініш білдірген кәсіпкерлерге тиісті қосымша газ бөлінді. Мониторинг көрсеткендей, тоқсан сайынғы сұйытылған мұнай газ көлемін бөлу рәсімінде де осы жағдайлар қайталанған. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптарына қарамастан комиссия отырыстарының аудио-бейне жазбалары және газ бөлінісінің есептеулері жұмысшы органның интернет-ресурстарында жарияланбағандығы белгілі болды. Мониторинг қорытындысы бойынша облыс әкімдігіне тиісті хат жолданып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында шаралар қабылдау ұсынылған.

Жалпы өңірімізде осыған ұқсас мәселе бойынша 16 кәсіпкердің құқықтары қалпына келді. 

Баспасөз мәслихатында «Бизнеске жол» жобасы аясында департамент тарапынан  700-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалғаны айтылып, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатыны тілге тиек етілді.

Тағы да оқыңыз: