Kyzylorda-news.kz. Дүр Оңғар ауылына іссапармен барған сайын ондағы «Жаңажол» ЖШС-нің ұйымдастырушы-программисті Серік Сапақов бізді үнемі жадырай қарсы алады. Кездескен кісінің жақсы жағын көріп, көңілге тоқу арқылы адамның көкжиегі кеңейеді емес пе?! Артық сөзге жоқ, болмысы бөлек, ісіне тыңғылықты, жұмысына жауапты азаматқа сүйсіне қарайсыз. Оны дүйім жұрт та жоққа шығара алмас, сірә.

Адам өміріндегі ең қымбат құндылық – оның өмір жолы, еткен еңбегі. Қай уақытта да жұмысын алдыңғы орынға қоятын Сәкең ағамыздың еңбегі елеусіз қалған емес. Елге қызмет жылдарында бірнеше рет ауыл, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталады. Сонымен қатар, 2003 жылы «Жылдың үздiк мәдениет кызметкерi» атанса, 2005 жылы республикалық додада «Мәдениетті ауыл» номинациясын жеңіп алған. 2017 жылы салалық мәдениет, спорт және ақпарат кызметкерлерiнiң кәсiптiк одағының «Еңбек даңқы» төсбелгiсi және «Халық мақтанышы» орденімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстанның Алтын кітабына да есімі енді. Жақында Серік Тұрмағамбетұлының кеудесі тағы бір медальмен толықты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер саласының үздігі» республикалық патриоттық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталып, жеңімпаз деп танылды. Әрбір еңбек иесі құрмет пен мақтауға лайық. Ал еңбекқорлығы мен жан-жақтылығы қатар жүрсе – мұндай маман теңдессіз шығар.

Серік ағайды ауыл халқы жұмысын асқан жауапкершілікпен атқаратын нағыз майталман маман ретінде таниды. Әсілі адамның адамшылығы – мейірімі мен көңіл шуағының өзінен артылып, өзгеге сәулесін түсіруінде, ары мен жанын ізгілікке толтыра білуінде сияқты. Оның бойындағы адамгершілік қасиеті мен ақкөңілділігі туралы әңгіме бөлек. Осындай ақжарқын қалпынан, ағалық жолынан айнымайтын кейіпкерімізден көп жас үлгі алса дейсіз.

Оның жастайынан жалықпай жақсы істерді жұмылдыруда қанша жылғы төккен тері мен көрген тәжірибесі осы күнге дейін өмірінде өз жүйесін табуда. Серік Тұрмағамбетұлы қандай ортада жүрсе де, қарапайым қалпынан айнымай, еліне деген міндеті мен парызына адалдық танытып келеді.

Тағы да оқыңыз: