Kyzylorda-news.kz. Соңғы кезде жер учаскесін жалға алу құқығын сатып алу бойынша бизнес өкілдері мәселе көтеріп жүрген. Кәсіпкерлердің базынасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жеткізді.
Кәсіпкер жер учаскесін 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен алады. Бес жылдан кейін жер пайдаланушы, яғни, кәсіпкер жер учаскесін сатуға ниет білдірсе, сатып алушы – келесі кәсіпкер тиісінше, қалған 5 жыл жалдау құқығын сатып алуы керек. Бірақ кей өңірлерде басқаша практика болған. Жоғарыда айтқан схема бойынша сатып алғысы келген кәсіпкерлерге қалған мерзімнің емес, жалпы мерзімнің құнын төлеуді талап еткен жағдайлар кездескен. Осыған байланысты, жақында Жер ресурстарын басқару комитетінен түсіндірме келді.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 33-бабына сәйкес жер пайдалану құқығын беруді және иеліктен шығаруды уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын сатып алған адамдар ғана жүргізе алады. Бұл ретте жалдау құқығын сатып алуды жалға алудың қалған мерзіміне жүзеге асыруға тиіс, тиісінше жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жаңа жер пайдаланушымен уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шарты қалған мерзімге жасалуы тиіс. Сондай-ақ жер учаскелерін жалға беру құқығын сату төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қыркүйектегі №890 қаулысымен бекітілген жер учаскелері үшін төлемақының белгіленген базалық мөлшерлемелеріне сәйкес есептеледі.
Айта кету керек, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының берген мәліметі бойынша өңірде биылғы жылдың 10 айында конкурс тәсілімен 110,55 гектар 256 жер учаскесі, аукцион тәсілімен 92,71 гектар 84 жер учаскесі берілген.
Жоғарыда көтерген проблемаға қатысты кәсіпкерлердің сұрақтары туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандарынан кеңес ала алады. Жауапты маман Алма Пірманова. Жауапты маманмен байланысу үшін 8 /7242/ 40-09-81 нөміріне хабарласуға болады.
