Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің заңгері Бодықова Күлайхан Молдашқызы жер мәселелері бойынша тақырыптық қабылдау өткізді.
Қабылдауға келушілер жер кезектілігі, кәсіптік нысан ашу үшін жер телімін алу сынды тақырыптар бойынша сұрақтарын қойды.
Қала тұрғыны 2009 жылы жер кезегіне тіркелгенін айтып, кезектілігі қашан жақындайтынын сұрауда.
Кезектіліктің барлығы қазір жария түрде екені, Кезекте.кз сайты арқылы өз кезегін біле алатыны түсіндірілді. Бұған дейінгі қағаз күйінде өтініш білдірушілердің мәліметі дерекқорға енгізіліп, қазіргі таңда 2005 жылы тіркелген азаматтарға жер беріліп жатқаны айтылды. Жер Кодексінде кезекте әлеуметтік категорияларға ерекше мүмкіндіктер берілмегені, яғни азаматтардың құқығы бірдей және кезектілік сақталуы тиіс екені, жергілікті атқарушы орган Кодекске сәйкес тиісті инфрақұрылымдарды жеткізгеннен кейін ғана жерді кезектегі азаматқа бере алатыны түсіндірілді.
Қабылдауға келуші келесі азамат Қорқыт ата мен Яссауи көшелерінің ортасынан жер телімін кәсіптік нысан ашу үшін алудың нұсқаулығын сұрады.
Кәсіпкерлік мақсаттағы нысан салуға жер алу үшін қала әкімінің атына өтініш жазу қажеттілігі, жер аукцион арқылы берілетіні түсіндірілді. Өтінішіңіз негізінде мекемелерге сұрау жіберіліп, құрылымдардың жауабы негізінде аукцион жүргізілетін жерлер тізіміне енгізілетіні, тізімді Госреестр.кз сайты арқылы көре алатыны айтылды.