Kyzylorda-news.kz Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай сұрапыл соғыс жылдарында тынымсыз еңбек етіп, ауыртпалықты еңсерген Қазалы ауданындағы бірқатар тыл еңбеккерлерінің шаңырағына арнайы барып, сый-құрмет көрсетті.
Алдымен ол батыр ана Маржанкүл Жүсіпованың үйінде болды. 1933 жылы дүниеге келген Маржанкүл Жүсіпова балалық шағын соғыс жылдарымен қатар өткізіп, тылда еңбек етті. Ол тігін ісімен айналысып, елге қолдау көрсетті. Соғыстан кейін де ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосты.
Облыстық партия филиалының төрағасы батыр ананың еңбегін ерекше атап өтіп, Отанға адал қызметі үшін алғысын білдірді. Партияның арнайы құттықтау хатын табыстап, сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде абыз ана көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Мұнан кейін Ертас Сәдуақасовтың шаңырағына барып, ардагердің өмір жолы мен соғыс жылдарындағы естеліктерін тыңдады. 1938 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген Ертас Сәдуақасов жастайынан ауыл шаруашылығы саласына араласып, мал шаруашылығының дамуына зор үлес қосты. Ол Бозкөл колхозында қой шаруашылығына қажетті жем-шөпті тасымалдау жұмыстарына белсене қатысып, ел игілігі үшін еңбек етті.
«Соғыс жылдарының ауыртпалығын тылда жүріп еңсердік. Бейбіт күннің оңай келмегенін жақсы білемін. Бүгінгі ең үлкен байлығымыз – еліміздің тыныштығы мен бірлігі. Жастар осыны әрдайым қадірлеуі керек. Отанымыздың аспаны ашық болсын», – деді тыл ардагері.
Жандос Нұртайұлы ардагерге мерекелік сыйлық табыстап, тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін құрметтің мәні терең екенін атап өтті.
«Сіздер – Жеңіс жолында аянбай еңбек еткен, елдің еңсесін көтерген ардақты жандарсыздар. «AMANAT» партиясы ардагерлерге қолдауды тұрақты түрде жалғастырып келеді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында нақты көмек көрсетіліп, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары дамытылуда. Жастарды тарихты құрметтеуге, өткенді бағалауға үндеп келеміз. Ерен еңбектеріңіз үшін зор алғыс айтамыз», – деді ол.

