Kyzylorda-news.kz. «2023 жылғы наурыз айында жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бұрыннан бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріледі», – деген жағымды жаңалық шыққалы кәсіпкер болғысы келетін жастардың көңіліне үміт сәулесі жағылды. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – жұмысыңыз бола тұра жеңілдетілген несие алып, жеке кәсібіңізді жолға қоя алатындығыңызда. 

Алайда, ауыл немесе қала жастары деп айрықша басымдық болмайды. Микрокредит комиссия іріктеуінен өткен үздік бизнес жобаларға ғана беріледі. Биылдан бастау алған бағдарлама Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға жалғасады деп көрсетілген.

Несие бағдарламасына тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Несиенің ең жоғары сомасы – 5 миллон теңге. Сыйақы мөлшерлемесі –жылдық 2,5%-дан аспайды. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез келген мақсат үшін –5 жыл. Қазіргі таңда өтінім қабылдау басталып кетті. Қазалы ауданы бойынша алты үміткердің құжаты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалына жолданған. 

Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады. Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі. Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді. Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі. Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды. Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады.

Мамандардың айтуынша, бизнес жобалар өзектілік, аргументтілік, экономикалық негіздемелік, қоғамдық маңыздылық, бұрын атқарылған жұмыстардың, іс-қимыл жоспарының болуы және бизнес-жобаның өміршеңдігіне қарай іріктеледі. Нақты айта кетер жайт, Кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады. Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек.

Егер сіз несиені қайтармасыңыз немесе ақша мақсатсыз жұмсалса, жасалған келісімшарттарға сәйкес, микрокредит алушы өзіне жүктелген міндеттері орындамаса ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, яғни кепілге қойылған мүлікпен жауап бересіз. 

«Біз түсіндірме жұмыстарымен айналысамыз. Қажетті құжаттармен таныстырып, жинақтау жолдарын көрсетеміз. Жастардың басым көпшілігі мал шаруашылығын өркендетуді көздеп отыр. Осы уақытқа дейін 70 адам кеңес алды. Алты жастың құжаты тиісті жерге өткізілді. Енді сараланып, облыстық комиссияға жолданады. Несие беру, бермеуді комиссия шешеді», – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы Болатбек Баймаханов.

Тағы да оқыңыз: