Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлық қоғам өмірінде бүгін пайда болған құбылыс емес. Бұл індетке шалдықпаған мемлекет жоқ деуге болады. Тек оның деңгейі әр елде әртүрлі болып келеді. Шешімі күрделі індетті түбегейлі жоюға мүмкін болмағанымен, оның алдын-алу шаралары жыл өткен сайын біздің елде де күшейіп келеді. Әрине, әрбір жас мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі заңдардағы солқылдақтық та оның өркен жая түсуіне мүмкіндік туғызып отыр. Демек, біз бұл саладағы өзге елдердің озық тәжірибелерін пайдалануға ұмтылуымыз керек.
Менің ойымша, коррупциямен күресте ұлттық ерекшеліктер де ескерілуі тиіс. Қазақ салт-дәстүріндегі алыс-беріс, құда-жекжаттық, түрлі жол-жоралғылар да сайып келгенде сол сыбайластықпен ағайын деуге болады. Ал енді оны өмірімізден толықтай сызып тастай аламыз ба? Біз негізінен мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықпен күрескенімізбен оның түп-тамыры тым тереңде жатқанына мәр бере бермейміз. Сол себепті оның себебімен емес, салдарымен күресіп жүрміз. Бұл дегеніңіз, сыбайлас жемқорлықпен сонау-бала-бақшадан, мектептен бастап жас өскін ұрпақ санасына оның қоғам өміріне аса қауіпті екенін сіңіру керек екенін аңғартады. Баланы бақшаға орналастыру, мектептегі оқушының жақсы деген үлгірім үшін де ата-ана сол сыбайластық тұрғысындағы қыдмысқа барады. Былайғы өмірде ол-байқалмаса да, түптің-түбінде жалпылық сипатқа ие болып мемлекетке, ұлтқа қауіп төндіретін күшке айналмақ. Бұл жерде басқа да факторлар аз емес.
Адамзат өмірін зерделей келе, тағы бір ой айтар болсам, бұл індеттің алдын-алуды пайғамбар сүннеттеріне бой ұсыну мен сол жолды ұстану арқылы белгілі деңгейдегі жақсы нәтижеге жетуге болады. Мұны адамзаттың небір ойшылдары айтып та кеткен. Демек, демократиялық қоғам өмірі қанша жерден дамып, алға басқанымен коррупцияны толықтай жеңу қиын мәселе болып қала береді. Бұл жерде адамзат санасында заттық әлемді тәрк ететін рухани өмір құндылықтары алға шығуы тиіс. Оны да алыстан іздеп қажеті жоқ. Қазақ тұрмыс-салты мен әдет-ғұрыпында барлық тиым, шектеулер молынан кездеседі. Осыны бала жастан қалыптастырып, зайырлылыққа жасалған қадам ғана жетқорлық жолына тосқауыл болмақ. Мұны тарқатып айтар болсақ, бірнеше кітапқа жүк болары анық.
Қара қылды қақ жарып, төрелік айтқан біздің билер мен шешендер өмірі ұлт ұстанымына үлгі болуға әбден лайық. Бүгінгі таңда уақыт талабына сай, әлем елдерінің сыбайлас жетқорлыққа қарсы күрестегі озық үлгілерін пайдаланғанмен, түптің-түбінде біз-өзімізде бар дәстүрлі жәдігерлерге ораламыз.
Еліміздегі заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Өркениетті барлық қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып қала береді.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Ел тәуелсіздігіне отыз жыл толды. Бұл бағыттағы күрестер үнемі жетілдіріліп, дамып келеді. Онымен күрес ымырасыз түрде жүруі тиіс. Мұны қоғам өмірінде орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар дәлелдеп отыр.
Әу, бастан даласында түрмесі болмай, құл ұстамай нағыз демократия нышандарын бойына сіңірген қазақ елі алдағы уақытта да бұл індеттің жолын кеседі деген сенім бар. Өйткені, сыбайластық дегеніміз сыйластық емес. Ол мемлекетті іштен ірітетін жегі құрт. Уақыт өте әлем тәжірибесі мен өз ұлтының өткенінен сабақ алатын жас ұрпақ қазақ қоғамында бұл құбылысты мейлінше азайта алады. Оның алғышарттары да бүгіннен бой көрсетіп жүр. Еліміздің жарқын болашағы үшін соған әрбір саналы адам өз үлесін қосуы тиіс деп ойлаймын. Бұл-өмір талабы.
Нұрбибі Елубайқызы,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ақпараттық- талдамалық сүйемелдеу бөлімінің маманы
