Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданындағы Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде ақиқатын ардақтап, рух тегін салмақтаған, ұлтым деп теңдік үшін жан берген жасампаздарды ұлықтаған, тарихын тұмар жүректей қастерлеп, Желтоқсанда от болып алаулаған батыр ағаларымыз бен апаларымызбен кездесу кеші болып өтті.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан батырларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін ұйымдастырылған кездесу кешіне аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы, сондай-ақ Желтоқсанға қатысушы бірқатар азаматтар арнайы қатысты.

Әділетсіздіктің ажал құрсауына төзбеген, намыс пен арды көздеген, антына адал Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Әбдіғұлов Мырзағұл, Шыныбаев Нұрман, Шәймерденов Ерік, Бисенбаев Ерлан және желтоқсан оқиғасының құрбаны Әбдіқадыров Берікболдың жұбайы Сетенова Ләззат апайларымыз қатысып, тарихи оқиғаға қатысты қиын сәттерді еске алып, желтоқсаншы сол кездегі жастардың жанқиярлық ерліктерімен бөлісті.

«Қазақ еліне Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоғы тарихтан белгілі. Біз егемендікке ызғарлы Желтоқсанда кеңестік отаршылдық саясатына қарсы күрескен намысшыл, батыр қазақ жастарының патриоттық рухының арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын өлімге тіккен Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақталмақ», – деді сөз алғандар.

Шараның соңында Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары батырларымызға ыстық лебізін білдіріп, сый-сияпатын көрсетті.
 

11.jpg

Тағы да оқыңыз: