Kyzylorda-news.kz.  Өткен жылы әлеуметтік нысандар салуда демеушілер де зор үлесін қосқан. Бұл бағытта демеушілер есебінен тың жобаларға 9 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаев құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысын жүргізуде. Бұл нысан биыл маусым айында пайдалануға берілуі тиіс.

Сондай-ақ, аз уақыттың ішінде 200 млн теңгеге Түркістан өңірімен шектесетін кіреберіс қақпа салынды.

«Балалар жылында» аймағымыздың демеушілері жалпы құны 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балғындардың игілігі үшін тарту етті.

Жаңақорған ауданының орталығында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі де демеушілер есебінен ашылды. Ел азаматтарының қолдауымен Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» бой көтергені де мәлім. Оның құны – 450 млн теңге.

Арал ауданындағы апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңгеге қайта салынып жатыр. Білім ошағы тамыз айында табысталуы тиіс. Ал, Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен құны 31 млн АҚШ долларына бағаланып отырған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы – үлкен ауқымды жоба. Мұның құрылысын аяқтау 2024 жылға белгіленген. Демеушілер есебінен 100 млн теңгеге қолданыстағы терминалға жөндеу жасалғанын да айта кету керек.

7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салу ірі жобалардың қатарында тұр. Мұның құрылысын жүргізу «Саутс Ойл» компаниясы тарапынан жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар, облыс орталығын дамытуға ауқымды қаржы бөлініп отыр. Бейбарыс сұлтан көшесі облыстық әкімдік ғимаратынан Назарбаев даңғылына дейін, сол даңғылдан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін қайта жаңғыратын болады. Қайта жаңғырту жол салу ғана емес, халыққа қолайлы демалыс орны, абаттандыру шаралары қатар атқарылуда.

Теміржол вокзалына біраз жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін көпшілік жақсы біледі. Облыс әкімі бұл тұрғыда «Қазақстан Темір Жолы» басшылығымен келісім жасалғанын айтты. Енді вокзал ғимараттары мен перронын қайта жаңғыртуға қаражат бөлінеді.

Сондай-ақ, қаланың сол жағалауында инвестор қаржысы есебінен жыл аяғына дейін құны 800 млн теңге болатын жаңа автовокзал салу жоспарға енген.

Осының бәрін бағамдасаңыз, демеушілер тарапынан Қызылорданың барлық қақпасы жасанып, тарихи өлкенің тамаша келбеті қалыптасып келетінен айқын сезінесіз.

«ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталатыны туралы ел хабардар. Ал, құны 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайының құрылысы қазір қызу жүргізілуде. Бұл нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланса, 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы желтоқсан айында, сол жағалауда салынып жатқан (құны 2,7 млрд теңге) Қан орталығы 2024 жылы беріледі.

Мамандардың айтуынша, биылғы облыс бюджеті әдепкіде 536,9 млрд теңге көлемінде бекітілген. Алда болатын мәслихат сессиясында бюджетті нақтылау нәтижесімен 591 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (391,4 млрд теңге) 151,7 млрд теңгеге артық. Әдеттегідей, бюджеттің әлеуметтік бағыты (70 пайыз) сақталады.

Кеңескен елде кемдік болмас

Облыс әкімі өткен жылы құқық қорғау органдарының басшылары немесе орынбасарларымен бірге барлық ауданды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Елдің үнін тыңдады, өзекті мәселелер айтылды, шешу жолдары қарастырылды.

Аймақ басшысы осы кездесулерде 600-ге жуық тұрғынның мәселесін тыңдаса, құқық қорғау органдары басшылары 400-ге жуық халықтың ұсынысына назар аударды. Сонда жыл ішінде облыс көлемінде барлығы мыңға жуық азаматтың ұсыныс-пікірді, өтініші қаралып отыр. Қабылдаулар сәтінде жағдайы аса мұқтаж отбасыларға уақытша баспана беру, денсаулығы қиын балаларға ем алу үшін қайырымдылық қорлары арқылы көмектесу, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттерін алып беру, қоғамдық жұмысқа орналастыру сынды өтініштер шешілген.

Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пәрмен алғанын көрсетеді.

b1f3affb-9dc6-40a7-80a1-fe5d8c73ba73.jpg

Тағы да оқыңыз: