Kyzylorda-news.kz. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына шілде айында 46 000 қоңырау келіп түсті. Яғни, орта есеппен мамандар тәулігіне 1500-ге жуық науқасқа алғашқы көмек көрсеткен. Бұл өткен жылдың мамыр-маусым айларымен салыстырғанда 8 мың шақырысқа көбейген. Бұл туралы облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова мәлімдеді.

«Коронавирус инфекциясының тарауы жиілеген тұста, жедел жәрдем қызметі өз жүктемесінен екі есе шақырыстарды қабылдап, орындап келеді. Жедел жәрдем стансасына түскен шақыртулардың күрт өсуін ауа райы температурасының жоғарылығымен және «Covid-19» инфекциясы мен жоғары тыныс жолы ауруларының артқандығымен байланыстырудамыз. Өткен аймен салыстырғанда жоғары тыныс жолы аурулары – 34%-ға, пневмония – 56,2%-ға, жедел респираторлы вирусты инфекция – 37,5%-ға, «Covid-19» инфекциясы – 52%-ға өсті», -деді Ғалия Нұрсейітова.

Одан бөлек салқын тағамдар мен сусындардың көп пайдаланылуы әсерінен дене температурасының жоғарылауы, тонзилит, фарингит, трахеит диагноздарымен түскен науқастар саны өсті.

Соңғы уақытта пневмония, коронавирус инфекциясымен түскен шақырыстардың 10%-ын балалар құрап отыр. Мысалы, ағымдағы айда «Covid-19» инфекциясымен – 480 шақырыс орындалса, оның 47-сін балалар, пневмония диагнозымен 1296 шақырыс орындалып, 133-ін балалар құрап отыр.

Тағы да оқыңыз: