Tauelsizdik

Арал ауданындағы №44 сайлау учаскесінде жазушы, журналист, «Арал әлемі» газетінің құрылтайшысы Жұмабай Жақып 29 қараша күні өткен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.


Өңірдің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді араласып, журналистика мен әдебиет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан қаламгер маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық құқығын пайдаланды.


Жұмабай Жақып сайлау учаскесіне келіп, дауыс бергеннен кейін журналистерге сұхбат берді. Әңгіме барысында ол мәслихат депутаттарын сайлаудың маңызы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі өкілді органның рөлі, туған өлкенің дамуы мен азаматтық жауапкершілік туралы пікір білдірді.


Қаламгердің айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлау – тұрғындардың өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық дамуына қатысты көзқарасын білдіруіне мүмкіндік беретін маңызды саяси үдеріс. Себебі жергілікті деңгейде көтерілетін мәселелердің шешілуіне халықтың ұсыныс-пікірі мен сайланған өкілдердің қызметі тікелей байланысты.


– Әр азамат өзінің таңдауын жасап, елдің, туған жерінің болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдіруі керек. Мен де бүгін өз азаматтық құқығымды пайдаланып, дауыс беруге келдім. Мәслихат депутаттарының сайлауы – жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешуге атсалысатын өкілдерді таңдаудың мүмкіндігі. Сондықтан бұл науқанның қоғам үшін маңызы зор деп есептеймін.
Біздің міндетіміз – ел ішіндегі жақсы бастамаларды қолдап, өңірдің жетістіктерін насихаттау, қоғамдық мәселелерге үн қосу және кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру. Әрбір азаматтың белсенділігі мен ортақ іске деген жауапкершілігі ел дамуының маңызды негізі деп білемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! – деді қаламгер.


Айта кетейік, мәслихат депутаттарының сайлауы жергілікті өкілді органдарды қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси науқанның бірі болды. Ал тұрғындардың сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауы олардың азаматтық құқықтарын жүзеге асыруының көрінісі еді.

Тағы да оқыңыз: