Kyzylorda-news.kz. Кеше Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен №60 мекемесінде жазасын өтеушілерге арналған «Ашық есік» күні өтті, деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Іс-шараға облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Тынарбайұлы Төлегенов, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Дәурен Сақтапбергенұлы Шарипбаев, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Шаймерден Тәжіқұлұлы Есенкелдиев, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Өзіндік қауіпсіздік тобының қызметкерлері, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасарлары Ұзақбай Оразгелді, Баукен Серікұлы Әлмеш, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы Шаймбетов және АХАТ секторының меңгерушісі Нұржамал Итенқызы Есқараева, сектор статисті Жадыра Баянқызы Шарапова, «Еңбек-Қызылорда» филиалы директорының орынбасары Ернұр Болатұлы Баудинов қатысты.
Түзеу мекемесінде сотталғандарға құқықтық көмек өткізудегі мақсат – жазасын өтеп жатқандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету, жазасын өтеушілерді жеке сұрақтарымен қабылдау. Қазіргі таңда қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде 800-ден астам сотталған жазасын өтеуде. Бүгінгі шара аясында 75 сотталған өз өтініштерімен жүгінді. Оларды қабылдау барысында қылмыстық істері, жаза мерзімі бойынша неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру және құжаттандыру мәселелері, мекеме аумағынан кәсіп ашу, сотталғандардың арасында некеге тұру бойынша, денсаулық жағдайы, атқару парақтары жөнінде сұрақтарын қойды. Жазасын өтеушілерді мұқият тыңдаған басшылар олардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.
«Бүгінгі шарада АХАТ маманына некеге тұру туралы сұрақпен жүгіндім. Сотталғанға дейін азаматтық некеде тұрғанмын, енді заңды түрде некеге тұрғым келетінін айттым. Сала маманы некеге тұрудың шарттары мен тәртібін түсіндіріп, тұщымды жауап алдым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз» деді жазасын өтеуші.
Іс-шара соңында қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығы осындай бағыттағы іс-шара алдағы уақытта жазасын өтеушілерге тұрақты түрде өткізілетіндігін айтты.