Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде кешкі мектепте білім беретін ұстаздар жазасын өтеп жатқан азаматтарды наурыз мерекесімен құттықтады.

Қазіргі таңда кешкі мектепте 32 жазасын өтеуші білім алуда. Бұл азаматтарға Қызылорда қалалық білім бөлімінің «Жалпы білім беретін кешкі мектеп» мұғалімдері білім береді. Оқуға қабылданған азаматтардың  ішінде өзге ұлт өкілінен төрт жазасын өтеуші бар. Білім алушы азаматтарға бекітілген кестеге сәйкес білім беретін ұстаздар оқушыларын келе жатқан наурыз мерекесімен құттықтап, сотталғандардың өз деңгейінде білім алуларына жағдай жасағаны үшін мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет подполковнигі Алтынбек Тұрарбекұлы Өскенбаевты алғыс хатпен марапаттады.

«Кешкі мектептің қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінде ашылғанына он жылға таяу уақыт болды. Осы уақыт ішінде біз жазасын өтеуші  азаматтармен тығыз байланысып, еркіндікте жүрген оқушылармен тең дәрежеде қараймыз. Наурыз мерекесі – қазақ елі үшін жаңа жыл басы. Бостандығынан айырылған азаматтарға жақсы көңіл-күй сыйлап, осындай керемет мерекеде сый тартуды жөн көрдік» дейді жазасын өтеп жатқан азаматтарға білім беруші мұғалім Гүлмира Күнтуарова.

«Көктемді асыға күттіретін наурыз мерекесі қарсаңында ұстаздарымыздың ұйымдастырған бұл іс-шарасы бізді қуантты. Наурыз мерекесі, наурыз көже дәмі, ұлттық ойындар осы мерекенің жарқын көрінісі екені сөзсіз. Бас бостандығынан айырылып, темір тордың ар жағында отырсақ та, назардан тыс қалдырмай, біз үшін арнайы уақыт бөлген ұстаздарыма ағысымды білдіремін» дейді абақтыдағы жазасын өтеп жүрген азамат.

Іс-шара соңында ұстаздар оқушыларымен естелік суретке түсіп, ізгі тілектерін білдірді.
 

Тағы да оқыңыз: