Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеу және оларды еңбекпен қамту арқылы қайта әлеуметтендіру. Осы бағытта ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жуырда аталған мекеме әкімшілігі екі жеке кәсіпкермен жаңа келісімшартқа қол қойып, қосымша 15 сотталғанды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалды. Енді олар жиһаз жасау және құрылыс жұмыстары бағытында еңбек етеді.

Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Саягүл Кенжегұлованың айтуынша, бүгінде мекемеде 18 жеке кәсіпкермен келісім шарт жасалып, 180-нен астам сотталған тұрақты жұмыс істеп келеді.

– «Сотталғандарды еңбекпен қамту – олардың түзелу жолындағы маңызды тетік. Көптеген азаматтар еңбекке араласқаннан кейін өз өміріне басқаша қарай бастайды. Біз олардың мамандық үйреніп, қоғамға қайта оралуына мүмкіндік жасауға тырысамыз», – дейді С.Кенжегұлова.

 

– «Бастапқыда жұмыс істеуге сенімсіздік болды, бірақ қазір еңбектің қадірін түсіне бастадым. Бізге осындай мүмкіндік берілгеніне ризамын. Жиһаз жасау ісін үйреніп жатырмыз, болашақта бостандыққа шыққан соң осы салада өз ісімді ашқым келеді», – деді сотталған азамат.

Мекеме әкімшілігінің айтуынша, алдағы уақытта сотталғандарды еңбекпен қамтуды арттыру, жеке кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Тағы да оқыңыз: