Kyzylorda-news.kz. Оқу жылы аяқталып, жазғы демалысқа шыққан оқушылар үшін олардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында лагерьлер ұйымдастырылады. Бұл жыл сайын қалалық білім бөлімі мен мектептердің жүйелі жүзеге асыратын жұмысы. 

Жазғы демалыс лагерін ұйымдастыру биылда өз жалғасын табуда. Ол үшін білім бөлімі тарапынан балалар мен жасөспірімдердің жазғы маусымдағы демалысын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. 

Жалпы жазғы тынығу лагеріне атаулы әлеуметтік көмек алатын, күнкөріс деңгейі төмен отбасы балалары мен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына енгізілген балалар барады.

Бекітілген жоспарға сәйкес жазғы маусымда оқушылар сыртқы лагерьде, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде, облыс көлемінде және облыстан тыс лагерьге барып, тарихи-танымдық жерлерге экскурсиялар ұйымдастырады. 

Биыл оқушыларды 1 маусымнан бастап «Зерентай» жеке тыңығу лагері қабылдауда. Онда 7 ауысым бойынша міндетті оқу қоры есебінен 465 бала қамтылады. Бұдан бөлек Жаңақорған ауданында орналасқан мемлекеттік  кәсіпорын «Талды су» тынығу лагерінде  жалпы міндетті оқу қоры есебінен 1500 баланы демалдыру жоспарлануда. Ал облыс көлеміндегі және облыстан тыс лагерьге демеушілер мен инвесторлар есебінен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 60 бала қамтылмақ. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында Алматы қаласында орналасқан «Спутник» лагеріне 120 оқушыға жолдама берілген. 

Жазғы демалыс маусымын ұйымдастыруда мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінің де алар орны ерекше. Бұл бағытта қалада 1 маусым – 14 маусым аралығында 55 мектепте 2 ауысымда жатын орынсыз, ыстық тамақпен қамтылатын мектеп жанындағы жазғы мектеп лагері ұйымдастырылады. Жалпы мектеп жанындағы күндізгі лагерьде  2386  оқушы демалмақ.

Сондай-ақ «Балдаурен» республикалық  дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру орталықтарына 11-15 жас аралығындағы 27 оқушы жіберілмек. Олар қоғамдық жұмысқа, оқуға белсенді араласқан, түрлі жарыстар мен олимпиада, фестиваль, байқау жеңімпаздары. Ал жалпы білім беретін мектептерден  және «Бөбек» Ұлтық ғылыми-практикалық,білім беру және сауықтыру орталығында  5-6 сыныптың 10 оқушысы демалады деп күтілуде.

Тағы да оқыңыз: