Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдай қызметі – еліміз үшін маңызды саланың бірі. Құтқарушылар кез-келген жағдайда адам өмірін қауіптен қорғап, түрлі жағдайдың алдын алады. Жауапкершілігі зор саланың қызметкерлеріне жүктелетін міндетті абыроймен атқарып келе жатқан азаматтардың бірі – Нұрлан Каримов.
Құтқарушы №12 Өрт сөндіру бөлімінде 2018 жылдан бері қызмет атқарады. Қызметіне адалдық танытып, өзгелерге үлгі болып жүрген 32 жастағы өрт сөндіруші саламатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен.
Нұрлан Салманұлы Отан алдындағы борышын Өскемен қаласында өтеп келіп, 2009 жылы «Маханшы – 2086» әскери бөлімшеде аға кинолог қызметін меңгеріп, 2010 жылы кіші сержант шенімен туған елге оралады.
Спортқа деген әуестігі оқушы кезінде қалыптасқандықтан алғашқы жаттықтырушысы Пазылхан Абдулпаттаев Нұрланды футболдың қыр-сырына үйретеді. Жас спортшының жігерін жанып, түрлі жарыстарға апарады. Кейін жоғарғы сыныпта оқып жүргенде спорт шеберлігіне үміткер болып, футболға деген әуестігі кәсіби дағдыға айналады.
«Бала кезімізде футболды жақсы көрмейтін жігіт болмайтын. Кешкісін спорт алаңына барып, команда құрып, футбол ойнаймыз. Ойын ережесін үйреніп, командада ойнауға машықтанамыз. Жаттығудан қалмаймыз, ойында ұтылсақ, одан сайын жігерленіп, келесі жолы басым болуға барымызды саламыз. Бала кезімнен келе жатқан хоббиім футбол десем болады. Ауданның мықты жаттықтырушылары Пазылхан Абдулпаттаев пен Бақытжан Ахметов өзіне шәкірт етті. Қазір де қызметте жүрсек те, апта сайын спорт алаңынан табылуға тырысамыз», – дейді әріптесіміз Нұрлан Каримов.
Спорт шебері атағын 2018 жылы алған Нұрлан Салманұлы соңғы 11 жылдан бері «Тереңөзек» құрама командасында ойнайды. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімінде футбол командасының капитаны. Команданың жетекшісі ретінде спортшылардың жаттығуын, дайындығын қадағалайды. Футбол ойнайтын өрт сөндірушілер бірнеше жыл қатарынан Сырдария ауданы әкімінің кубогі үшін жарыста жүлдегер атанды. Команда осы уақытқа дейін 7 кубокті еншілеген.
Нұрлан Каримов – әке жолын жалғаған ұл. Әкесі – Салман Каримов өрт сөндіру бөлімінде 28 жыл жұмыс істеп, командир қызметін атқарған сала ардагері. Нұрланның інісі Ғазиз де әкесі мен ағасының жолын қуған.
Өызылордалық құтқарушының салауатты өмір салтын насихаттау жолында сүйікті ісі футболды жанына серік еткеніне жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында жеңіс тұғырынан бірнеше рет көрінген спортшымыз әлі талай намысты қолдан бермесіне сенім мол.

