Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласына алғаш келгендер көше тазалығына таңдана қарайтыны рас. Күл-қоқысы тазарған, түбі ақталған ағаштар мен жол жиегіне отырғызылған әсем гүлдер. Бұл – Қызылорданың көркем бейнесі.

Адам баласы әсемдік пен әдемілікті жаны қалайтыны анық. Осы ретте Ақмешіттің таза қалалар тізімінің алдыңғы сапында екені қуантады. Бүгінде қоғамда көтеріліп жүрген көптеген түйткілді мәселелер шешімін тапқан. Қала көшелері тегістеліп, жарықтандырылып, жол жиегін бойлай ағаштар мен гүлдер егіліп, абаттандырылып жатыр. Жаңадан ғимараттар бой көтеріп, қалаға көрік беріп тұр. Сырдария өзенінің сол жағалауы да үлкейіп, дамып келеді. Қоғамдық көлік мәселесі де жолға қойылып, өткен жылмен қоса алғанда қаламызға 150-ге тарта жаңа автобус әкелінген. Сонымен қатар қала тазалығын қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан «Қызылорда тазалығы» мекемесіне қарасты жүк көліктері де жаңарған. Өткен жылы мекемеге облыс әкімінің қолдауымен 20 дана арнайы техника алынған. Оған облыстық бюджеттен 742,8 млн теңге бөлінген. Қажетті техникалармен қамтамасыз етілген серіктестік қызметкерлері тәулік бойы тазалық шараларын жүргізіп, халықтың ықыласына бөленуде

Бұдан бөлек, қала тазалығын сақтау үшін облыстың қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жыл сайын «Жасыл ел жастарды көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тарту» жобасы жүзеге асырылып келеді.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мақсаты – жастарды тек қана еңбекке баулу емес, сонымен қатар жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарауын, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.

Бұл ретте, туған өлкемізді көркейту, көгалдандыру жұмыстарына жыл сайын 1000- нан астам жас үлес қосып келеді.

Аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердегі әр түрлі санаттағы жастар, оның ішінде оқушы, студент және жұмыссыз жастар бағдарлама мүмкіндігін кеңінен пайдалануда.

2024 жылы әлеуметтік жоба арқылы маусым-тамыз айларында 16-35 жас аралығындағы түрлі санаттағы 1200 жас маусымдық жұмыспен қамтылып, 100 мың теңге мөлшерінде еңбекақысы өтелген.

Сонымен қатар «Жасыл ел» еңбек жасағының облыстық штабының жұмысын ұйымдастыру үшін 8 маман 5 айға жұмысқа қабылданбақ.

Айта кету керек, өткен жылы жоба аясында 1871 жас маусымдық жұмысқа тартылған. Оның ішінде 15%-ы (280) жұмыссыз жастар болса, қалған 85%-ы (1591) оқушылар мен студенттер.

Жасылелдіктермен 12 гектар аумақ тазаланып, 4 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Облыс көлемінде орналасқан 118 мәдени-демалыс орындарында (аллея, сквер, алаңдар, парктер) көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.

Қала тазалығына ел болып, қоғам болып атсалысуымыз қажет. Қала тазалығы әрбір тұрғынның ауласынан басталады. Осы ретте қызылордалықтар өз аумағына жасыл-желек отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізгені жөн. Қоғамдық орындарда да қала тазалығын сақтайтын жандардың еңбегін еш кетірмеу үшін, көшеде жүру әдебін сақтау керек. Жаздың аптап ыстығымен, қыстың қақаған суығында да тынбай жұмыс істейтін тазалық қызметкерлерінің еңбегі ерен.

Тағы да оқыңыз: