Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе» екенін атап айтты. Ел Президентінің қазақ еліне ұсынған «жасыл экономикасы» да әрбір қазақстандықтың туған жерін түрленту үшін шаншыған бір тал шыбығына байланысты. Осы орайда ауыз толтырып айтарлық ісіміз де бар. «Семізбай-U» ЖШС Иіркөл кеніші Шиелі ауданынан 30 шақырым жерде орналасқан. Кеніштегі жұмысшылар тек өнімді өндіріп қана қоймай, өндіріс маңын жасыл желекке айналдырып келеді. Мәселен биылғы жылы 2500 түп ағаш отырғызылды.

«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» дейді дана халқымыз. Расында туған жердің көркейіп, көгалдануына, экологияның жақсаруына септігін тигізетін жасыл желекті ел болуға атсалысуымыз қажет-ақ.

Осындай игілікті істі адамдық борышына санаған Иіркөл кенішінің жұмысшылары жыл сайын ағаш отырғызып, жұмыс маңайы үлкен бау-баққа айналды. Оның дәлелі әр жұмысшының атымен аталатын «Бас механик бауы», «Бас энергетик бауы», «Мұқанбетжан бауы», «Дастан бауы», «Дархан бауы», «Геотехнологиялық бөлім бауы», «Әкімшілік шаруашылық қызметінің бауы» сынды т.б жайқалған бақтарды айтуға болады.     

«Бүгінгі таңда Шиелі ауданның экологиясымен қатар экономикасын арттыруға да барынша күш-жігерімізді салып, үздіксіз жұмыс істеп келеміз. Ауыры мен жеңілі қатар жүретін жұмыстың жемісін көріп, жұмысшылар да үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Иіркөл кенішінде күн көзінен қуат алатын 100 кВт «геоколлектор» іске қосылды. Бұл құрылғы тек тоқ көзін үнемдеумен шектелмейді. Сонымен қатар, жанар жағар майдың қолданыс мөлшерін азайтуға септігін тигізеді. Ең бастысы жоғарыда атап өткендей қоршаған ортаны, ауаны ластайтын зиянды заттарды азайтады. Бұл күндері қазақ елі алпауыт 30 елдің қатарына қосылу жолында алға үлкен жоспарлар қоюда. Жаһандануға бет алған мемлекетте ірі-ірі кәсіпорындар іске қосылуда. Ал  «геоколлектор» құрылғысы ауаға тарайтын ластағыш заттарды азайтуға сеп болмақ. Иіркөл кенішіндегі әрбір жұмысшы қатаң тәртіп пен тазалыққа мұқият қарайды. Сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі түрде «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күні қарсаңында түрлі сайыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттауды бір жолға қойғанбыз», – деді мекеменің инженер-экологы Сәкен Ордабекұлы.

Мақсұт Ибрашев

Тағы да оқыңыз: