Kyzylorda-news.kz. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен еліміздің әр өңірінде тал егу акциясы өтіп жатыр. «Жасыл мекен» деген атаумен басталған челлендж көктемде көшет отырғызу арқылы қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауды дәріптеп, қоғамды еңбекқорлыққа баулу, айналаны көгалдандыру, абаттандыруға үндейді.

Сондай-ақ, аталған шара білім алушылардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғат пен қоршаған ортаны құрметтеуге,  адамдарға деген қамқорлық сезімін дамытуға бағытталған.

Еліміз бойынша бір уақытта басталған игі істі Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов бастап берді. 

«Қазақтың: «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген тәмсілін естіп өстік. Әсіресе, біз өмір сүріп жатқан экологиялық аймақта бұған жете мән беруіміз керек. Табиғатқа қамқорлықты бала тәрбиесінің ажырамас бөлігіне айналдыра алсақ ұтарамыз көп. Бұған дейін де аудан бойынша білім саласы қызметкерлері, шәкірттеріміз жасыл желектің жайқалуына септесіп келеді. Республика бойынша өтіп жатқан бүгінгі шара осы ісімізге дем береді», – деді ауданның бас ұстазы. 

Айта кетейік, игі іске ауданның барлық мектептері атсалысып жатыр. Олар мектеп ауласына гүл, тал отырғызуда.

Сонымен қатар аудан тұрғындары сенбілікке шығып, аудан аумағын қоқыстан тазартты. 

Ең әуелі Әйтеке би кентінің кіре беріс бас қақпасы мен батыс теміржол өткелінің аралығынан басталған сенбілік, Қ.Ерімбет, Я.Михайлюк, Ә.Әліпбаев көшелерінде жалғасты. 

Мұнан бөлек, Шығыс теміржол өткелі мен О.Жанәділов, В.Счастнов және Жанқожа батыр көшесінен бастап жұқпалы аурулар ауруханасына дейінгі аралықтың қоқыстары жиналды. Сонымен қатар, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойы, Батыс теміржол өткелінен бастап үш таға маңы және Р.Бағланова мен Т.Бөріқұлақов көшелеріне тазалық жұмыстары жүрді.

Жергілікті жердің тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері қатысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.

Тағы да оқыңыз: