Kyzylorda-news.kz. Нарық заманы жарнамаға бағынышты десек болады. Себебі жарнама экономиканың бір бөлшегі. Газет, радио, теледидардың дәурені аяқталған тұста, бүгінде әлеуметтік желілердің күші басым екені даусыз. Заманына қарай адамы өзгергендей, жарнама нарығы да уақыт талабына сай ауысып отырары анық. Жалпы жарнама арқылы тауарды ұсыну ғана емес, халықтың мәдениетін, таңдауы мен талғамын да ескере отырып, жұмыс істейтін жүйе.

Соңғы кездері өзінің аудиториясы бар, халық пікірімен санасып, көпшілікке белгілі дәрежеде әсер ете алатындарды «әсер етушілер», яғни influencer деп бөліп қарастыру қалыпты болды. Осыған сай, әлем де Influencer Marketing деп аталатын жаңа бір түсінік қалыптасты. АҚШ-тағы орта бизнес иелері жылдық бюджетінің 70 пайызын дәл осы жарнама түріне жұмсайды екен. Яғни әлеуметтік желідегі жарнаманың әлемде де сұранысқа ие екенін байқауға болады. Әлеуметтік желілермен бірге таргет деген ұғым пайда болды. Әр желіде өзіңізге қажет аудиторияны белгілеп, арнайы функциялар арқылы керегін таңдап, жарнама жасау мүмкін болды. Дегенмен әлеуметтік желіде жарнамаларды бұғаттайтын кері функциялар бар, яғни тұтынушы кез келген ақпаратты «жұта» бермейді. Қазір блогер арқылы жарнама жасау трендке айналды. Алайда олардың нақты қанша адам «шақырары» белгісіз, жарнаманың да сәтті болуы екіталай. Контекст жарнамалардың елдің назарын аударғалы көп болмады. Жарнама берушілер блогерлер қызметінің бағасы шарықтап тұрғанын айтады. Танымал блогер Әлішер Елікбаев инстаграм желісіндегі жарнамаға 1 200 000 теңге алатынын жазған еді. Желі белсендісінің парақшасына қарап, жарнама берушілерге бұл ақының кедергі емесін байқай аласыз. Желідегі танымал жерлестердің бағасы Әлішерге қарағанда қалтаға қонымды болып шықты. Мысалы, асаба Асылхан Дүкенбаевтың стористегі жарнамасы 50 000 мен 100 000 теңге аралығы болса, бір пост үшін 500 000 мың теңге бересіз. Бүгінде шоумен ASR киім дүкені мен Smartshop телефон аксессуарларына амбассадор екені мәлім. Аудиториясы кең аралдық Жасұлан Әйтеновтің де жарнамалық прайсы Асылханмен шамалас. Жасұланның инстадағы 24 сағаттық жарнамасы 150 000 теңгеден басталса, постқа жолданатын жарнамасы – 400 000 теңгені құрайды. Бұл бизнес үшін қолайлы баға дейді блогер.

«Қазір инстаграмда 500 000 оқырманым бар. Барлығы белсенді деуге болады. Бір пост кем дегенде 60-70 мың лүпіл жинайды. Видеоларда 200 мыңнан аса қаралым болады. Бұл – бизнес өкілдері үшін жақсы көрсеткіш. Барлық қалаға жарнама жасауға аккаунтым дайын. Бірақ арнайы тексерістен өткіземін. Мол қаражат ұсынса да букмекерлік кеңсе, дінге қарама-қайшы келетін және саяси жарнамаларды жүргізбеймін. Көп жағдайда киім дүкендері мен құрылыс заттарынан ұсыныс түседі. Жуырда Алматы қаласындағы белгілі бір сусынмен келісім-шартқа қол қойғалы жатырмын. Қызмет құны – 150 000, 500 000 теңге аралығында. Пост үшін жарнама құны қымбатырақ болады. Себебі жарнама оқырманға ұнауы керек. Сондықтан белгілі авторлармен сценарийін жазып, қаламақы төлеймін», – дейді Жасұлан Әйтенов.

Жайдарман арқылы жұлдыз болған жаңақорғандық Есқара Бейбітовтың жарнамасы да қомақты. Doner King-тың амбассадорының ең арзан жарнамасы – 50 000 теңге. Келісімге келу үшін алдымен админстраторы Асхат Құлтаспен байланыс орнатуыңыз керек. Администратордың айтуынша, желідегі белсенділік бағаны реттеп отыратын көрінеді.

«Инстаграмды үздіксіз жүргізіп отырамыз. Өйткені оқырмандарды парақшада ұстап отыру үлкен мәселе. Есқараның актерлік шеберлігі мен әншілік қабілеті көп көмегін тигізеді. Бүгінде 117 мыңнан аса оқырманымыз бар. Гастрольдік сапарларға шыққан кезде сол қалалардағы дүкендер байланысқа шығып, жарнама жасауға өтініш білдіреді. Қызметіміз 50 000-150 000 теңге аралығында. Көбіне сториске саламыз. Болмаса сол дүкендердің ресми парақшаларына, видео, посттарға атсалысамыз. Қазір Жаңақорғандағы Doner King-пен жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Асхат Құлтас.

Белгілі блогер Өркен Кенжебек те жарнама жүргізу де белсенділердің бірі. Жарнама жүргізу де блогерлер үшін қиын екенін алға тартады. Өйткені кейбір жарнамалар «халық жауына» айналдыруы бек мүмкін екен.

«Менің табыс көзім тек блогерлікпен шектелмейді. Қосымша 5-6 жобам бар. Бірі жабылса, екіншісімен айналысамын. Салықты уақытылы төлеймін. Арақ-шарап сияқты өнімдерді жарнамалаудан бас тартамын. Ал биліктің бастамаларына келер болсақ, қашанда мемлекеттің идеологиялық бағыттағы жобаларын түсіндіріп келеміз. Оның ішінде ақысы төленгені, төленбегені де бар. Қандай реформа болсын басында халық бірден жылы қабылдап кетпейді. Жаңа іске сыншы көп. Блогер әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратушы ғана. Есер қандай да бір мәселені түсіндіре алмаса, ол ешкімнің кінәсі емес. Кезінде жер мәселесі бойынша дүмпу болған кезде «алаңға шықпаңдар» дедік. Сол үшін де халық жауы атандық. Блогерлікпен айналысып жүрген 13 жылдың ішінде не болмады. Жалпы негатив ақпаратты жарияладым, сондай ұсынысты насихаттадым деп айта алмаймын», − дейді блогер.

Блогер мен вайнерлердың жарнамасымен айналысатын NATIV жарнама агенттігі келтірген мәлімет бойынша 1 млн мен 5 млн аралығындағы оқырманы бар вайнерлердің 1 минуттық видео ролигі 1 жарым млн теңге тұрады. Видеодағы сценарийдің жеңіл я болмаса күрделі болуы бағаға әсер етпейді. Бекітілгені сол. Әр вайнердің өз жеке командасы бар. Солардың дайындаған бірнеше сценарийдің ішінен тапсырыс беруші өзіне ұнағанын алады. Ал неғұрлым оқырман саны көп болса, видео көрушілер саны да жоғары болмақ.

Тағы да оқыңыз: