Kyzylorda-news.kz Қалалық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай үздік мектеп оқушылары үшін тарихи орындарға танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Саяхат барысында оқушылар ғасырлық тарихы бар Теміржолшылар клубының ғимаратын көріп, бұл нысанның 1924-1990 жылдары теміржолшылардың мәдени-демалыс орны болғанын білді. Клуб – сол дәуірдегі жұмысшылардың рухани орталығы болған.
Келесі аялдама – Қызылорда теміржол вокзалы. Бұл ғимарат 1905 жылы салынған және әлі күнге дейін өз қызметін атқарып келеді. Вокзал қаланың дамуына үлкен үлес қосқан стратегиялық маңызды нысан.
Бұрынғы казарма, қазіргі көркемсурет галереясы – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында әскери мақсатта салынған. Қазіргі таңда бұл ғимарат қылқалам шеберлерінің шығармашылығын дәріптейтін көркемсурет кеңістігіне айналып отыр.
Оқушылар Сырдарияның сол жағалауында орналасқан Қызылорда қаласының тарихи музейімен танысты. Қызылорда қаласы ҚазАКСР астанасы болған тұста 1925 жылы 12 сәуірде Қазақ Орталық Атқару комитетінің қаулысымен осы ғимаратта (сәулет сызбасы негізінде қайта салынған) халқымызға "ҚАЗАҚ" атауы ресми түрде берілді.
Осы саяхат барысында Қызылорданың 1925–1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР-інің астанасы болған кезеңі туралы тың деректер ұсынылды. Сол уақыттағы саяси, мәдени және білім беру салаларындағы маңызды оқиғалар, қазақ зиялыларының қызметі туралы мағлұматтар да қамтылды. Сонымен қатар, оқушылар тарихи жәдігерлерді тамашалап, интерактивті экспозициялар арқылы сол кезеңнің атмосферасын сезіне алды. Мұражайда орналасқан жәдігерлер оқушылардың отансүйгіштік рухын оятты.
Мұндай танымдық шаралар жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, патриоттық тәрбиені нығайтады.