Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің міндеттерінің бірі» деп атап өтіп, жастарға ұдайы қолдау көрсетілетіндігін тіге тиек еткен болатын. Бүгінде егемен елдің қозғаушы күшіне айналған жастар қоғамның қай саласында болмасын белсенділігімен көзге түсіп, елдің ертеңі жолында жастық жігерін аямауда. 12 тамыз – Халықаралық Жастар күніне орай Арал аудандық «AILAQ» жастар ресурстық орталығының жұмысына тоқталатын боламыз.
Аудан халқының 24,8 пайызын жастар құрайды. Яғни, 14 пен 35 жас аралығындағы 25473 жас бар. Ауданымызда орта арнаулы оқу орындарында 303 студент жастар білім алуда. Ал мектептерде 14-18 жас аралығындағы 5192 оқушы оқиды.
Аудан жастарының қоғам өмірімен араласып, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп отырған аудандық «AILAQ» жастар ресурстық орталығы мекемесі бар. Орталықта 23 адам еңбек етеді. Басшысы Ақтілектің айтуынша штат бірлігіне сай бөлінген қызметкерлер аудан жастарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аудан орталығында ғана емес кент және ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі 22 маман еңбек етуде.
– Қазіргі күні жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту бірінші кезекте тұрған мәселе. Әрине, кәсіп ашуға ынталы жастар көп. Бұл бізді қуантады. Мемлекет тарапынан да жастарға жасалып жатқан қолдауларды аралдық жастар да сезінуде. Десе де, жыл басынан бергі 6 айдың мәліметі бойынша жұмыспен қамту орталығына 1846 адам жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Оның ішінде 679 жастар екен. Тиісінше, жастар тәжірибесіне 98 жас, ал қоғамдық жұмыс орындарына 183 жас жіберілдіп отыр, – деді орталық басшысы Ақтілек Есеев.
«AILAQ» жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырып келеді. Өз мәселесімен келген 1075 жасқа кеңес берген. Жыл көлемінде орталық 12 бағыт бойынша жоба әзірлеп, жоба бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, «Жас маман» жобасы бойынша, «Дін және жастар» жобасы шеңберінде кездесулер, «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша мәдени-көпшілік шара, «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында рейд жұмыстары, «Мен спортты таңдаймын» жобасы бойынша спорттық шара және «Жас кеңесші» жобасы аясында «Ашық есік» акциясы ұйымдастырылған.
– Сондай ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «AILAQ ACOUSTIC» жобасы өз жалғасын тауып Арал қаласында 3 мәрте өткізілді.Сонымен қатар, аталған жоба ауданға қарасты Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерімен бірқатар ауылдық округтерде өткізу жоспарланып отыр. Жоба жастардың шығармашылығын дамытуға бағытталған. Жалпы біздің орталық мамандары аудан жастарының өз тұлғасын қалыптастырып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында тынбай еңбектенуде. Әрбір жастың мәселесі бізді бей-жай қалдырмайды, – дейді мекеме басшысы.
Сонымен қатар жаз маусымында жастарды жұмысқа орналастыру жұмыстары бойынша «Жасыл Ел» еңбек жасағының маусымдық жұмысы өз жалғасын табуып, аталған жобаға аудан бойынша 153 жас қамтылған.
– Еліміз егемендік алғалы бері мемлекетіміз гүлденіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Барлық салада қарқынды өсім бастады. Әсіресе, жастарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп, олардың өз білімін шетелдерде арттыруына, тәжірбие жинақтауына, идеялары мен мақсаттарын жүзеге асыруына мүмкіндіктер берілді. Олай болуы заңдылық та еді. Себебі, қай заманда болмасын өскелең ұрпақ елдің үкілі үміті болды. Оған бабаларымыздың даналық сөздері мен Алаш арыстарының рухты жырлары дәлел бола алады. Арал жастары теңізді өлекенің қайнаған тірлігінде, елдің ауызбіршілігі мен жұмылып жұдырық болып, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазір жастардың көкірек көзі ояу. Оларды елдің ертеңгі тағдыры алаңдатады. Сондықтан бүгінгі республика көлеміндегі маңызды мәселеге өз қолдауларын көрсетеді. Мәселен, ел басына түскен табиғи апат кезінде аралдық белсенді жастар күн, түн демей зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге кірісті. Қандай иігі істің болса да басынан табылып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану жолында уақытпен санаспай еңбек етуде. Жастардың осындай табандылығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады. Ол жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында жастарды ерекше атап өтіп, қолдау көрсетуден танған емес. Мен 3 жылдан астам уақыт аудандық жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде аудан жастары ерікті түрде қаншама шараларды атқарды. «Жас толқын» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде ерікті жастардың басын біріктіріп, ауданда мәдени-танымдық, спорттық, шығармашылық бағыттарда жастардың талантын ашу жолында жұмыстар атқарып жүрміз.
Жуырда бас қаламызда өткен Халықаралық жас волонтерлар форумына қатыстым. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шараға ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты. Мен үшін мемлекет басшысымен бір аудиторияда отыру, емен-жарқын жүздесу ерекше әсер қалдырды. Шарада «Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамның саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойына сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет» - деген Перзидент жастар рухын көтере түсті.Бәзбіреулер жастар тек ойын-сауық, той-думанның басында даңғазалықпен уақыт өткереді деп ойлауы мүмкін. Жоқ, мұндай пікір қате. Біздің белсенді жастар жастар орталығында қайырымдылық шаралармен, қиындыққа тап болған жастарға моралдық көмек көрсетумен, жұмыссыз жатарды жұмыспен қамтуға жол ашумен және заңдылық тұрғыдан ақыл-кеңестер беру сынды жұмыстарды да атқарамыз.
Қиындығы мен қызығы көп осы жұмысым өзіме ұнайды. Жастарды қолдау мен үшін асқан құлшыныспен атқаратын жұмыс. Сондықтан жұмысымнан тек шабыт аламын. Сондай-ақ аудан жастарын белсенді болуға шақырамын. Жастық жігерімізді жақсылыққа жұмсайық жас дос, - дейді Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Нұрсұлтан Алдамұратов.
«Мен жастарға сенемін» бұл сөзді Алаш Арысы Мағжан Жұмабаев жырына қосқан еді. Расында кемел келешектің тұтқасын ұстайтын жастар. Бүгінде Жаңа Қазақстанның жастары жақсылық жолында аянбай еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жүр. Бұл біздің болашағымыздың жарқын боларының кепілі десек те болатын шығар.