Kyzylorda-news.kz. Жақында Қазалы ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары талқыланды. Осы ретте Қазалы қаласындағы 17 орта білім беру нысанында аудандағы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кездесу өтті.
Жиынға арнайы аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш және аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында ауданда жастар мен жасөспірімдердің топтық төбелесуін болдырмау және алдын алу бағытындағы шаралар жөнінде айтылып, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ, құқық қорғау саласының мамандары құқық бұзған жасөспірімдерге қолданылатын шаралар жайлы толық мағлұмат берді.
Сонымен бірге, колледж студенттері және ата-аналармен де кездесу өткізілді. Атап айтқанда, Қазалы көлік-техникалық және гуманитарлық-техникалық колледждерінде жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін сақтау, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі мезгілде беймезгіл жүруін қадағалау мақсатында ата-аналар және студенттермен кездесулер өтті.
Жиын барысында студенттерге ауданымызда орын алған топтық төбелес, бұзақылық және құқық бұзушылық фактілері мысалға келтіріле отырып, жақсы тәрбие алып, тәртіпті, білімді, кәсіби маман болу қажеттілігі түсіндірілді. Сондай-ақ, кездесуде ата-аналар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, тиісті жауаптар берілді.
Айта кетейік, жиынға арнайы аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш және аудандық мәслихат депутаттары Талғат Әліпбаев, Нұркен Ботабаев пен Есет Табынбаев қатысты.
