Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында жастарды жұмыспен қамту – ең өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі. Өңірде жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп келсе де, оның ішінде жастардың жағдайы әр жерде әртүрлі көрінеді. 2025 жылдың нәтижесі бойынша облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,6 %-ға дейін азайды, бұл облыста жаңа жұмыс орындары артқанын көрсетеді.
Қызылорда қаласындағы жастардың жұмысқа орналасуына арнайы мемлекеттік қызметтер көмектеседі: қалада Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бар, онда жастарға кеңес беріледі, бос орындар туралы ақпарат таратылады.
Қалада дипломы бар жастар көбіне алғашқы жұмысты «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламалар арқылы алады, бұл бағдарлама 2023 жылы облыс бойынша 3 443 жасқа жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берген.
Қызылорда қаласының жастары көбіне қызмет көрсету, білім беру, IT-салаға қызығушылық танытады, бірақ тәжірибе талап етілетіні жиі айтылады.
Сырдария ауданында жастардың басым бөлігі маусымдық жұмысқа немесе аграрлық бағыттағы жобаларға тартылуда. Мысалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері жазғы маусымда ауыл шаруашылығы, құрылыс және экология салаларында еңбек етуге қатысуда, бұл жастарға тәжірибе жинауға көмектеседі. Бұл жобалар жастарға тұрақты жалақыдан басқа болашақ мамандығын практикалық жағынан түсінуге мүмкіндік береді.
Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарда кәсіпкерлік пен шағын бизнеске жастардың тартылуы артуда:
«Digital Kyzylorda» сияқты жобалар аясында барлық осы аудандардан онлайн-бизнес және цифрлық дағдылар бойынша курс алған жастар саны артты. Аталған бастама ауыл жастарына өз кәсібін ашуға және электронды коммерцияда жұмыс жасауға септігін тигізуде.
Бұл аудандарда шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша бастамалар бар, алайда дамушы аймақтар ретінде жастардың қалаларға қарай көшу тенденциясы әлі де байқалады.
Жастар арасында жұмыспен қамту мәселесі туралы талқылаулар, семинарлар өткізіліп келеді. Мысалы, Көрқыт Ата университетінде жастарды еңбек нарығына дайындау, жаңа кәсіби трендтерді түсіндіру және жұмыс табуға көмектесу туралы семинарлар ұйымдастырылды.
Мерей Жалғасбек
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: freepik.com
