Kyzylorda-news.kz  Қазіргі қоғамда жастардың рөлі ерекше. Себебі бүгінгі жас — ертеңгі елдің тірегі, мемлекеттің болашағы. Уақыт өзгерген сайын жастардың өмір салты, көзқарасы, қызығушылығы да өзгеріп келеді. Бүгінгі таңда жастар білімге, технологияға, жаңа мүмкіндіктерге жақын. Бұл — заман талабы. Алайда тек заманауи құралдарды пайдалану жеткіліксіз. Ең бастысы — сол мүмкіндіктерді дұрыс бағытта қолдана білу.

Қазір жастар үшін білім алуға барлық жағдай жасалған. Интернет арқылы әлемнің кез келген ақпаратын алуға болады, шетелдік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар, түрлі жобалар мен бағдарламалар ұйымдастырылуда. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған жас қана болашақта өз орнын таба алады. Білімді ұрпақ — елдің дамуына үлес қосатын басты күш.

Сонымен қатар қазіргі жастардың бос уақытын қалай өткізетіні де маңызды мәселе. Кейбір жастар уақытын пайдалы іске жұмсаса, енді бірі әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Әлеуметтік желінің пайдасымен қатар зияны да бар. Ол адамның уақытын алады, шынайы қарым-қатынасты азайтады. Сондықтан әр жас өз уақытының қадірін білуі керек.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп жастарды білімге, ізденіске шақырған. Бұл сөз бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Адам тек материалдық дүниені емес, рухани байлықты да қатар дамытуы қажет.

Жастар арасында мамандық таңдауда қателік жіберіп жататындар да кездеседі. Кейбірі өз қызығушылығына емес, өзгенің таңдауына еріп кетеді. Нәтижесінде сүймейтін мамандықта жұмыс істеп, өз қабілетін толық аша алмай жатады. Сондықтан әр адам өз болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы шешім қабылдауы тиіс.

Елдің болашағы — саналы, білімді, тәрбиелі жастардың қолында. Жастар өз мақсатын айқындап, еңбектенуден қорықпаса, кез келген биікті бағындыра алады. Әрбір жас өзіне сеніп, арманына қарай қадам басса, еліміздің де болашағы жарқын болмақ.

Назым Әбілхай,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті

Фото: pexels.webp

Тағы да оқыңыз: